Балаға қол жууды үйретудің бір әдісі
Көптеген аурудың алдын алу үшін қолды дұрыс жуу керегі жайлы барлығы біледі. Ал қазір коронавируспен күресу кезінде ол маңызды шараның бірі болып отыр. Оның маңызын ересектер біледі, ал балаларға қалай түсіндіреміз?
Финляндия тұрғыны Ари Мякийо кішкентай қызына қолды неліктен сабынмен жуу керегін түсіндірудің қарапайым әдісін ойлап тапқан. Бұл мақсатта ол екі ыдысты алады. Біреуіне – қара бұрыш себілген су, ал екіншісіне сұйық сабын құяды.
«Қара бұрыш – екеуміз талқылаған вирус деп елестетейік. Саусағыңды суға сал. Енді шығар. «Вирус» қолыңа жабысып қалғанын көрдің бе?
Ал енді саусағыңды сабынға салайық. Содан соң «вирус» бар суға қайта салайық. Барлық вирустар қашып кетті. Міне, қолды сабындап жуу маңызды», - деп түсіндіреді фин.
Кішкентай балаға қолды сабындап жуудың маңыздылығын түсіндіру үшін сіз де осы әдісті қолданып көріңіз.