Еуропадағы Абай ескерткіші
Франция мен Қызылорда уақытының айырмасы төрт сағат. Бізде он екі болғанда оларда сағат сегіз. Осы айырманы айқындап, WhatsApp желісі арқылы Жанар Төребаеваны іздедік. Ол – Парижде Абай ескерткішін қоюға айрықша атсалысқан жан. Алдымен оның кім екенін біліп алайық.
Жанар 1967 жылы Алматы облысы Шелек ауылында инженер отбасында дүниеге келген. 1984 жылы мектепті үздік бітіріп, Ленинград педиаторлар институтына оқуға түсті. Қазақстанға оралып, Ғылым академиясында еңбек етті. Ғылым кандидаты. Халықаралық және мемлекеттік бағдарлама бойынша түрлі жобада жұмыс істейді. 1999 жылы профессор Кристиан Чанель Ренн қаласына физиологиялық институтқа оқуға шақырды. Оның Франциямен тығыз байланысы осы жерден өрбіді. Қазір француз азаматына тұрмысқа шыққан, ұл-қыз өсіріп отыр. Қызы Камила француз-американ коледжінде оқиды. Ұлы Этейне мектепте.
Жанар Төребаева Францияның Ренн-Алматы достық қаласы мәртебесін алға тартып, алдымен «Абай» саябағын ашуға түрткі болды. Сонан соң үш жыл жергілікті билікпен келіссөздер жүргізіп, саябаққа Абайдың ескерткішін қойғызуға күш салды. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Осыны бағалап, оны Қазақстанның нағыз патриоты, жанашыры деуге болады. Бұл жайында ол: «Ұлы Абай атамыздың 170 жылдық мерейтойына және Ренн-Алматы бауырмашылығының 25 жылдығына қойылған арманымның орындалған күні.Аталған жоба 3 жылға созылды, аяғы үлкен тойға ұласып, Франция халқына Абай атамызды таныстырғаныма бір жағынан қуанып, бір жағынан шаршап, жылап тұрмын».
Жанардың жігерлігі тек бұл емес, оны Реннметропольдағы Сан-Жил муниципалитетіне депутат етіп сайлапты. Ал, Ренн Францияның бір аймағы болғанымен бұл өңірдің өз Парламенті бар. Өз заңымен өмір сүреді.
Жалпы, Сан-Жил муниципалитетінің депутаты болу деген үлкен жүк, орасан жауапкершілік. Мамандығы дəрігер Жанардың арқалаған жүгі онсыз да салмақты болатын. Ол Бретания денсаулық сақтау Кеңесінің мүшесі. Оқу орнын бітіріп, қызметке қадам жасаған əр дəрігер осы Кеңестің алдында Гиппократ антын қабылдайды жəне оның мүлтіксіз орындалуын осы Кеңес бақылайды. Бұған қосымша Жанар Франциядағы Қазақстан елшілігінің Бретания аймағындағы Құрметті елшісі.
Жанар бір сөзінде «Ескерткіштер бойынша екі елдің стандарттары (мөлшері мен техникалық мәселелері) әртүрлі, ал ескерткіштер жөніндегі комиссия француздық жобаны мақұлдады және Қазақстаннан Абайдың бюстін ғана сақтады. Қалғанының бәрі, барлық жұмыс, ақ қымбат жергілікті мәрмәрдің тұғырнамасы және барлық қаражат Ренн қаласының бюджетінен болды.
Мен сізге француз тілінде стандарттарды көрсетемін және бөлісемін, мүмкін бұл Қазақстанның ескерткіштеріне техникалық көзқарасты жақсартуға көмектесуі мүмкін, өйткені Францияның қала құрылысы мен ескерткіштерді жасауда сан ғасырлық тәжірибесі бар» деді.
Мұнда жеке адамдарға табыну жоқ және барлық ескерткіш белгілі бір мөлшерге сәйкес келеді. Бұл өте деонтологиялық және эстетикалық жағынан жағымды.
Сөз соңында ол «Баршаңызды Ұлы атамыздың 175 жылдық мерейтойына арналып бекітілген «Абай күні» мерекесімен құттықтаймын.
Абай атамыздың айтқан өсиеттері орындалып, Қазақстан өркениетті елдер қатарына қосылып, халық бақытты өмір сүретін күндерге жетейік, соған бәріміз бірге ат салысайық!» деп айтты.
Тілегің қабыл болсын, қандас!
Қ.Құрбан