Вирус жұқтырмау үшін даладан үйге кіргенде не істеу керек?
Дәрігер дүкендерде қаптамасыз, ашық кеңістікте сақталып, саудаланатын өнімдерден бас тарта тұруға кеңес береді
Ресейлік дәрігер Надежда Фомина сырттан үйге кірген адамдар гигиенаның қарапайым ғана ережелерін сақтау арқылы коронавирустан қорғанудың амалдарын айтты. Бұл туралы ол Mosregtoday.ru сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, ең алдымен табалдырыққа хлор ерітіндісіне малынған шүберек төсеп, онымен аяқ киім табанын сүртіп кірген жөн. Бұл жерде әр қолданған соң шүберекті қайта-қайта жуу шарт емес. Бастысы оның ылғалдылығы сақталса жеткілікті. Егер таза хлор болмаған жағдайда құрамында хлоры бар басқа да ерітінді түрлерін пайдалануға болады.
Оқи отырыңыз: Вирустан қорғайтын қолғапты қолданудағы басты қателік айтылды
Содан кейін үйге кірген адам ашық теріге тигізіп алмайтындай мұқият қолғап пен масканы шешіп, оларды аузы мықтап байланған жеке пакетке салады. Ал егер маска бірнеше рет қолдануға арналған болса, оны жақсылап қайнатып, үтіктеу керек. Қайта пайдалануға болатын қолғаптар да осылай өңделеді.
Содан кейін адам көшеге киіп шыққан сырт киімді шешіп, оны бөлек ілгені дұрыс. Киімді балконға бірнеше сағатқа қоюға да болады.
"Сыртқа шыққанда мүмкіндігінше жеңі ұзын киімдер киіп, дене толық жабылғаны лазым. Ал дүкеннен азық-түлік сөмкесі мен басқа да заттарды алып кірген жағдайда мысалы, телефон, банк картасы, кілт сияқты құралдың бәрін өңдеу керек. Ол үшін антисептикалық немесе 60 пайыздық изопропилді спирт қажет. Ал өңдеу кезінде бір реттік майлық қағаздарды қолданған тиімді", – дейді дәрігер.
Дүкенде сатып алынған кір жуу құралдарына да ерекше назар аударған жөн. Дәрігер оларды сабынмен жууға кеңес береді.
"Азық-түлікті тек герметикалық қаптамада сатып алу керек. Қаптамасыз, ашық кеңістікте сақталып, саудаланатын өнімдерден бас тартқан жөн. Көкөністер мен жемістерді тек жуып пайдаланған дұрыс", – дейді дәрігер.
Ал көзілдірік киетін азаматтарға маман оны сабынмен жуып немесе құрамында спирті бар сұйықтыққа малынған шүберекпен сүртуге кеңес береді.