Кім қандай тапсырма алды?
Күздің алғашқы күні Мемлекет басшысы Жолдау жолдады. Жаңа жағдайдағы мемлекеттің жайын, жүзеге асуы тиіс жоспарлар, кеткен кемшіліктер мен мәселелер де ашық айтылды. Жолдауды оқыған ел көкейдегі көп сұраққа жауап тауып, Жолдау жүзеге асса екен деген тілек білдіруде.
Жолдауда айтылған мәселелерді пысықтап, Президент тапсырмасын жүзеге асыруға сырбойылықтар да белсене кірісіп кетті. Қала әкімі Н. Нәлібаев Жолдауды жүзеге асыру үшін орынбасарлар мен бөлім басшыларына, ауыл әкімдеріне нақты тапсырма берді.
Жолдауда атап айтылғандай, мұнай дәуірінің аяқталғаны, экономиканы әртараптандыру мәселесі Сыр өңірі үшін де жүзеге асуға тиіс басты міндет. Шаһар басшысы өңірде мұнай өндіру көлемінің қысқарғанын, жергілікті жердің мүмкіндігін пайдалану қажеттігін айтты. «Соңғы жылдары жекелеген мұнай скважиналарының сулануы салдарынан өңірімізде мұнай өндіру көлемі қысқарды. Бұл әрине, экономиканың барлық салаларына айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Дегенмен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін өткен жылмен салыстырғанда 113,7 пайызға арттыруға қол жеткізіліп, нәтижесінде, қалаға 76 млрд. 997,2 млн. теңге инвестиция тартылды. Айта кету керек, облысқа салынған инвестицияның 60 проценті Қызылорда қаласының үлесінде. Осы көрсеткіштерді төмендетпей, Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау мақсатында ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс көздерін ашуға мүмкіндік беретін, сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайту үшін өңірдегі шағын, әсіресе, микробизнес құрылымдарының жаңартылған базасын жасақтауды және оларды дамытудың ең тиімді деген жолдарын қарастыру бағытында, осы салаға тікелей жауапты орынбасарым Бектас Балғабайұлы Нұридиновке, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Аманкелдиев Бағлан Бақытжанұлына жергілікті жердің мүмкіндіктеріне лайықталған өңірлік бағдарлама жасауды тапсырамын» деді қала әкімі.
Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану жайы бойынша қала әкімі кент және ауылдық округ әкімдері мен жер бөлімі, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге бақылауды күшейтіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауды және заң аясында мемлекетке қайтаруға тапсырма берді. Сондай-ақ қалада ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту мақсатында кешенді шаралармен қамтамасыз ету жауапкершілігі әкім орынбасары Бектас Нұридиновке және қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулет Әбдірасуловке жүктелді.
Жолдау жүгін жүзеге асыруда қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаеваға да жүктелген жауапкершілік жеңіл емес. «Жолдауда айтылғандай, қашықтан оқыту барысында балаларға сапалы білім беруге қажетті жағдайларды ұйымдастыру және санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі оқытуға көшетін мектептердің мүмкіндігін қарастыруымыз керек. Оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет» деді қала әкімі.
Сондай-ақ спорттың бұқаралық сипатын дамыту жұмысын жүйелі жалғастыруды, барлық елді мекендерде спорттық үйірмелер ашу, оның ішінде балалар үйірмесін дамыту жұмысы әкім орынбасары Асқарбек Есжанов пен қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Семсер Сыздықовқа тапсырылды.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – Жолдауда айтылған басты мәселенің бірі. Бұл орайда қаламызда құрылысы басталған үйлерді мерзімінде пайдалануға беру, құрылыстың сапасын қатаң бақылау – әкім орынбасары Ерлан Бердібаевқа, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратовқа жүктелген тапсырма.
Жолдауда айтылған экология және биологиялық әркелкілікті қорғау бойынша қаланы жасыл желекке айналдыру да үлкен істің бірі. Бұл орайда қала әкімі орынбасары Ерлан Бердібаевқа және қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Елмұрат Рахматуллаевқа «Бірінші кезекте аяқ су жүйелерін қарастыра отырып, елді мекендерді көгалдандыру және жасыл белдеулер құру жөніндегі 5 жылға арналған кешенді іс-шара жоспарларын әзірлеп, ағымдағы жылдың 1 қазанға дейін бекітуді және жергілікті тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердегі стихиялық қоқыстарды тазалау, қолданыстағы полигондарды экологиялық талаптарға сәйкестендіру бағытында кешенді шаралар жүргізуді тапсырамын» деді шаһар басшысы.
Жолдауда атап айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу, сыбайластыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізу мәселесі бойынша қала әкімі аппаратының басшысы Жанмұрат Сейіловке жауапкершілік жүгі жүктелді. «Халықпен байланысты барынша арттыру үшін қоғамдық қабылдаулардың ашықтығын қамтамасыз етуді, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу жұмыстарына осы бастан дайындық шараларын қабылдауды тапсырамын» деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
P.S. Жолдау орындалуымен құнды. Қала әкімі Н.Нәлібаевтың Жолдау елге жетуі үшін тиісті сала басшыларының атын атап тапсырма беруі де бекер емес. Ал, тиісті басшылардың тапсырманы қалай орындайтыны уақыт еншісінде және жариялықтан тыс қалдырмаймыз.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ