ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНДЕГІ ӨРЛЕУ ӨРІСІ


– «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын өткен жылы іске асыру үшін арнайы қаржы бөлінді. Оның ішінде несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, шағын және орта бизнес несиесі бойынша ішінара кепілдендіруге, гранттық қаржыландыруға белгілі мөлшерде қаражат тағайындалды. Бұдан бөлек, аталмыш бағдарлама шеңберінде 1000-нан аса адам «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқудан өткізілді. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде ниет білдірген кәсіпкерлерге микрокредиттер ұсынылды. Ал, «Бастау-Бизнес» жобасы асында қысқа мерзімді курстардан өткен азаматтар өз бизнес-жоспарларын сәтті қорғап шықты. Сонымен қатар, облыста жобалық менеджмент жүйесін еңгізу аясында «Hack Day» байқауы ұйымдастырылды. Екі күн ішінде байқауға қатысушылар инновациялық жобалар бойынша өз идеяларын таныстырды. Қатысушылар біз күткеннен де көп болды, – дейді облыс әкімінің орынбасары.Айта кетейік, өткен жылдың соңында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылып, барлық аудан мен Байқоңыр қаласында бөлімшелері ашылды. Орталық бүгінде жеке ісін бастауға ниет білдірген кәсіпкерлерге инженерлік коммуникацияларға қосылуға монополист кәсіпорындардан техникалық шарттар алуға көмектесуде тиімді бағыт-бағдар беріп келеді. Қазіргі таңда орталықтың ықпалымен кеңесшілік қызмет, рұқсатнама құжаттары және техникалық шарттарын алу мен жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша сапалы қызмет түрлері көрсетілген. Ал, облыс бойынша ірі сауда орындарының саны 166 бірлікті құрайды. Былтырғы жылдың өзінде 20-дан астам сауда нысаны іске қосылған. Ал, биыл өңірде 7 ірі сауда орталығы өз жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Оның ішінде облыс орталығында заманауи форматта бой көтеріп жатқан «АRAI CITY MALL» сауда ойын-сауық кешені де бар. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта атқарылар міндеттерді саралады. Мәселен, биыл шыны, молибден зауыттарының, балықты тереңінен қайта өңдеу және пластикалық қайық жасау цехін, қуаттылығы жылына 1500 тонна өнім шығаруға қуатты құс фабрикасының уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету басты жоспарда тұр. Сондай-ақ, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және жер қойнауын пайдаланушылардың өндірістік процестерінде сандық технологияларды енгізу мен қолдану бойынша да бірқатар шаралар жүзеге асырылмақ.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.