Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҮМІТТІҢ ОТЫ ӨШПЕСІН

ҮМІТТІҢ ОТЫ ӨШПЕСІН

 Мен оны бірнеше мәрте облыс орталығында өткен мәдени шаралардың басы-қасынан жиі байқайтынмын. Арбада отыратын жігіт мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан белсенділік танытып жүретінін көретінмін. Бір концертте би билеп шықса, енді бірде құлаққа жағымды қоңыр даусымен ән шырқайды.
Біз жас әнші Данияр Ембергенов жайында әңгіме қозғап отырмыз. Ол осыдан екі жыл бұрын арбаға таңылып, өмірінің күрт өзгеретінін ойлаған да жоқ еді. Кішкентайынан спортқа жақын өсіп, салауаттылықты берік ұстанды. Болашақ жеңіс тұғырындағы велошабандозшылар қатарынан көрінсем екен деп армандады. Жеңістің алғашқы дәмін татып та үлгерген еді. Бірақ, аяқ асты тағдыр тәлкегіне ұшыраған оның асыл арманы бір сәтте-ақ көзден ғайып болып сала берді. Қайратты жігіттің қазір ондай қауқары жоқ. Дененің кеудеден төменгі бөлігі құдды бір өзінікі еместей ап-ауыр. Жансызданып, істен шыққан. Данияр бүгінде өзін шарасыз күйге қалдырған сол күнді есіне алғысы келмейді. Оқиғаның мән-жайын бізге кейіпкеріміздің жары баяндап берген еді. – Бұл жағдай біз шаңырақ көтерген соң бір жылдан кейін орын алды. Менің аман-есен босанып, қол-аяғымды бауырыма алған күн еді. Сол күні Данияр ерекше қуанып, перзентхана соғып кетті де, маған жолдастарымен атап өтетінін айтты. Сөйтіп, олар дарияның Көксу деген бөлігіндегі демалыс орнына барған. Достарымен бірге биіктіктегі төбеден секіріп, суға түскен. Данияр сүңгіген жердің суы таяз болса керек, ол бар екпінімен барып тірелген. Жетінші мойын омыртқасы сынып кетіпті. Содан бері жолдасым мүгедек арбасында. Отбасымыздағы бұл жағдай қай-қайсымыз үшін де оңайға соққан жоқ. Әсіресе, алғашқы жылдары ерекше қиналдық. Бірақ, үнемі бір-бірімізге демеу болдық. Екі жасар Айару есімді қызымыз өсіп келеді, – дейді өмірлік жары Бақытгүл.
Аядай пәтер жалдап тұратын жас отбасының асыраушысы қазір Бақытгүлдің өзі. Заңгерлік қызмет атқаратын ол тапқан-таянғанын пәтер ақысына, одан қалғанын Даниярдың ем-домына қажетті дәрі-дәрмекке жұмсайды. Жұмыстан бос уақытында такси болып шәй-пұлға тиын-тебен табады. Өмірге құштар Данияр да қол қусырып, қарап отырғанды жаны сүймейді. Бүгінде ол такси қызметінде жолаушылар тасымалдайды. Достары тежегіш, газ сынды көлік басқару тетіктерін Даниярға қиындық тудырмайтындай ыңғайлы етіп жасап беріпті. Қазір ол асып-тасқан ақша таппаса да, отбасылық қаржыға әжептәуір көмек беруде. Бастысы, отбасыға салмақ салмай, азаматтық жігерін жанап жүрген жайы бар. Жұмыстан келген соң, үйде де тыным таппай, жаттығулар жасайды. Бар арманы – тезірек аяққа тұрып, ел қатарлы төрт құбыласы тең ғұмыр кешу, бауыр еті – баласын емін-еркін құшырлана сүйіп, шаңырағына қорған болу. Десе де, табиғатынан қайсарлы жан қазіргі шарасыз күйіне іштей жаншылып, жігері құм болып жасыған емес. Оны ыстық-суығын бірге көріп жүрген Бақытгүл де растайды. Ол жарының осы кезге дейін бірде-бір рет қиындыққа мойынұсынғанын көрмегенін айтады. Керісінше, белсенділік танытып, мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Особый танцы» жобасында би билейді, «Жігітке жеті өнер де аз» деген ұстаныммен ән де шырқайды. Тіпті, кешегі жаз айында облыстық жастар ресурстық орталығының тікелей қолдауымен өзінің жеке қайырымдылық концертін де ұйымдастырды. Содан түскен қаржыға жақында Алматы қаласына барып, кезекті ем-домын қабылдап келді. Даниярдың қазіргі жағдайы бірқалыпты. Десе де, 25 жасты енді толтырған жап-жас жігіт бұл халіне онша көңілі толмайтынын жасырмайды. Ел қатарлы тік тұрып қызмет жасап, салауатты ғұмыр кешкенді қалайды. Еліміздің білікті дәрігерлері оған Оңтүстік Кореяның озық медицинасында емделіп келуге кеңес береді. Бірақ, әттеген-ай... Қолдың қысқалығы, қалтаның жұқалығы оған әзірше мүмкіндік берер емес. Бақытгүлдің айтуынша, корейлік ақ халаттылар ота жасауға кем дегенде 50 мың АҚШ долларын сұрап отырса керек. Ал, пәтерден пәтерге көшіп жүрген жас шаңырақ үшін бұл сома аспандағы аймен тең. Тек жаны жайсаң игі жақсылардың жүрек жылуына үлкен үмітпен қарайды. Бұған дейін оларға «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясы, «Абзал және К» ЖШС сынды өзге де қолы ашық жандар жомарттық танытып, қаржылай көмек білдірген. Сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ықпалымен тегін мүгедектер арбасы тарту етілген. Мұнымен қоса, көпқабатты үйде тұратын I топ мүгедегіне көтеріліп-түсу қиындық тудырғандықтан, есік алдына пандус салып берген. Осылай жәрдем етіп, демеу білдірген барша жандарға ерлі-зайыптылар ерекше ақеден алғыстарын айтады. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» дейді дана халқымыз. Данияр таяуда ғана денсаулық сақтау басқармасының тікелей нұсқаулығымен облыстық медицина орталығының қайта қалпына келтіру бөліміне ем алуға жатты. Даниярдың бұл жолы жүзінде қорқыныштан гөрі сенім басым. «Дәл осы есіктен қайта шыққанда екі аяғымды тең басып, Айаруымды серпе көтеріп алсам-ау, шіркін!» дегендей медбике сүйреген арбада ойлы көзбен қараған күйі ұзап барады. «Үміттің оты өшпесін» дейміз біз де...

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
17 қазан 2017 ж. 1 755 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 074 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам