ҚАЗАЛЫДА БІРЛІК КҮНІ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ
Бүгін Қазалы ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған шара өтті. Татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Қазалы елінің халқын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтады.
- «Халқымызда «Бақ қайда барасың − ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Бәріміздің басты арманымыз − берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру. Халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін» - деді аудан басшысы.
Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде аудан тұрғындары әр ұлттың әні мен биіне, өнеріне қанық болып, концерттік бағдарламаның куәгері болды. Бейбіт елдің аспанында ән айтылды, күй тартылып, би биленді. Ең бастысы, көпшілік еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілек етіп, бір-біріне ізгі ниеттерін білдірді.
Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда Қазалы жеріне де түрлі ұлт өкілдері табан тіреп, киелі мекеннен пана тапты. Бауырмал қазақ халқымен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласты. Міне, соның нәтижесінде бүгінде Қазалы ауданында 14 ұлт өкілдері ауызбіршілікпен тату-тәтті ғұмыр кешуде.