ҰМЫТШАҚТЫҚ ЖАСАРЫП БАРАДЫ
Бұрын үлкендердің аузынан «кәрілік мініп, ұмытшақ болдым» деген сөзді жиі естуші едік. Алайда, бүгінде кішкентай баладан бастап, жастар арасында ойындағысын есіне түсіре алмай, білгенінен шатасатындар қатары артты. Ұмытшақтық адам бойында қалай пайда болады? Одан арылудың жолы қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Қазіргі кезде адамдардың басым көпшілігі оған ауру ретінде қарамайды екен. Себебі, олар күнделікті күйбең тіршіліктің түйткілдерінен туындаған уақытша құбылыс деп түсінеді. Алайда, «Ұмытшақтық нақты ауру дегеннен гөрі, көптеген дерттің жиынтығы деген дұрыс» дейді облыстық медициналық орталықтың невропатолог дәрігері Ғалия Әбенова.
– Есте сақтау қабілетінің төмендеуі әртүрлі жағдайда пайда болады. Мәселен, қан – барлық мүшелердің клеткаларына қоректік заттар мен оттегін жеткізеді. Ал, егер сол қан құрамына бірдеңе жетіспесе, мидың жұмысы әлсірейді. Өйткені, барлық ағзаның жүйелері миға бағынады. Негізінде адамның есте сақтау қабілеті жасы ұлғая бастаған сайын әлсіреп, ұмытшақтыққа ұласады. Дегенмен, бүгінде бұл көрсеткіш жасарып барады. Оған түрлі факторлар себеп болуда. Десе де, миға ауыр салмақ түсірмей, оны уақытылы тынықтырып, ұдайы жаттықтыру қажет. Ол үшін кітап оқып, сөзжұмбақ шешіп салауатты өмір салтын қалыптастыра білу керек. Сонда ғана есте сақтау қабілеті жақсара түседі. Сондай-ақ, әрбір адамның күйзеліске, депрессияға қарсы тұруы аса маңызды. Өйткені, жабырқаулы, уайымға толы сәттер мен түрлі қиындықтар адамның ойлау қабілетін төмендетіп, мидың жұмысын әлсіретеді. Нә¬ти¬жесінде, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұмытшақтыққа ұшырайды, – дейді невропатолог дәрігер.
Қарап отырсақ, күнделікті өмірде ұмытшақ жандар мен жиі ұшырасасың. Себебі, айналаңда жүрген жерінде, әйтеуір бір затын ұмытып кетпей қоймайтын адамдар көптеп кездеседі. Оның қасында міндетті түрде үнемі есіне түсіріп жүруің керек. Олар «Бәрін алдым» деген күннің өзінде керегін естен шығарып, сол жерде тастап кетеді. Кейде үлкендер «Ауру қалса да әдет қалмайды» деп қалжыңмен әзілдеп айтып жатады.
Сондай-ақ, қазір басым көшілігі есім жаттауға келгенде шорқақтық танытады. Себебі, көбісі бір сұрағанын қайта-қайта қайталап, «Кім еді» – деп әбігерге түседі. Оны көз көріп, құлақ естіп жүр. Мамандардың айтуынша, ұмытшақтыққа әкелетін бірден-бір жол – компьютердің алдында ұзақ отыру мен ұялы телефонға көп телміру екен. Ондағы шым-шытырық ойындар мен қорқынышты кинолар адамның ойлау қабілетіне кері әсерін тигізеді. Содан келіп, түрлі ойдың жетегіне еріп, ұйқысы бұзылып, мазасыз күй кешеді. Сондықтан миға салмақ салмай, үнемі қан айналымын жақсарту үшін түрлі жаттығулар жасап жүрген абзал. Өйткені, есте сақтау қабілетінің жақсы дамуы салауатты өмір салтын берік ұстануға тікелей байланысты. Сондай-ақ, ол үшін дұрыс тамақтанудың да әсері мол.
Бүгінде бұл мәселе дамыған елдерді де алаңдатуда. Оған Италия ғалымы Сандро Мондолезидің «Ұмытшақтыққа 30-35 жас аралығындағы жастар шалдығуда. Сондықтан оны тереңінен зерттеп, оң шешімін табуымыз қажет» деген сөзі дәлел. Расында, кейде тіліңнің ұшында тұрған сөзді есіңе түсіре алмайтын кездер жиі орын алады. Дегенмен, ұмытшақтық бұрынғылардың да өзекті мәселесі болса керек. Себебі, сол кездің өзінде танымал ғалымдар, жазушылар мен өнер адамдары арасында да жиі кездескен. Атап айтсақ, әйгілі физик Альберт Эйнштейн жастайынан осы ұмытшақтықпен қиналған. Тіпті оның барар жеріне үйден уақытылы шыққанын, үстіне киім кигенін қадағалап отыратын бір адам қажет болған деседі.
Ғалия Ибадуллақызының айтуынша, адамның ағза көрсеткіштері дұ-рыс болса, есте сақтау қабілеті 70-80 жасқа дейін сақталады. Ал, егер сол жасқа дейін анемиямен, не басқа да аурулармен ауырып, ота жасатса, оның есте сақтау қабілеті де әлсірей түседі. Сонымен қатар, дәрігер адамның ұйқы режимі дұрыс әрі тұрақты болу керектігін баса айтты. Өйткені, ол есте сақтау қабілетінің үлкен факторы. Сондықтан әрбір адам ұмытшақтықтан арылу үшін ең алдымен түн ұйқысын реттегені жөн.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.