Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы сайланды
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 36 сессиясының шешімімен Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды.
Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы 1957 жылы 21 шілдеде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген.
1974 жылы Қызылорда қаласындағы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепті алтын медальмен, 1979 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын үздік дипломмен бітіріп шыққан.
1979 жылы еңбек жолын осы аталған институттың «Темірбетон құрастырмалары» кафедрасында стажер-зерттеуші болып бастаған (1979-1980жж).
1980 жылдан бастап Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында оқытушы болып еңбек еткен.
1985 жылы Мәскеу қаласында Бетон және темірбетон ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертация, 1995 жылы Ресей Федерациясы Томск мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында докторлық диссертацияны қорғаған.
1986-1990 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында аға оқытушы, факультет деканы, директордың орынбасары, 1990-1996 жылдары - Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, бірінші проректоры, 1996-1998 жылдары Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының ректоры, 1998-2007 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып еңбек еткен. 1996-2007 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының үш мәрте сайланған депутаты.
2006-2007 жылдары «Нұр Отан» ХДП Қызылорда филиалының төрағасы болып сайланған. 2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі IV шақырылымының депутаты болып сайланып, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің мүшесі болған.
2011 жылдың 12 тамызы мен 2019 жылдың 21 қаңтары аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған.
2019 жылдың 21 қаңтарынан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің сәулет және құрылыс өндірісі кафедрасының професссоры, 2019 жылдың 5 сәуірінен бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректордың ғылыми және қоғамдық байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып келген.
2012 жылдың қаңтар айынан бері Қызылорда облыстық мәслихатының V, VI шақырылым депутаты. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы қызметін атқарған.