ТӨРЕҒАЛИДЫ "ТҮНГІ СТУДИЯ" ӘЖУА ЕТТІ
Күні кеше көрермен көзайымына айналған “Түнгі студия” бағдарламасының жаңа маусымы басталды. Жоба тізгінін ұстаған Қайрат Әділгерей Нұрлан Қоянбаевтың орнын басып, алғашқы эфирін абыроймен өткізді. Желідегі пікірлерге зер салсақ, көрермендер Қайрат Әділгерейдің жүргізушілік қабілетін жоғары бағалап жатқандай.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сәкен Майғазиевтен сұхбат алған Қайрат Әділгерей бағдарлама барысында Төреғалидің шу болған концертіне қатысты әзіл айтты. Сәкеннің 7 наурызда өтетін концерті жайлы сөз қозғаған ол:
“Бұл шоколад концертіңізге сарттар, ой сарттар деппін ғой, қарттар келе ма?” – деп сұрады. Көрермендер де, қонаққа келген Сәкен Майғазиев те Әділгерейдің астарлы қалжыңына күліп жіберді.
“Бұл сөз өзекті болған соң аузыма түсіп кетіп жатыр, кешіріңіздер, шатасып жатырмын. Қарттар дегім келді”, – деп ақталды тележүргізуші.
“Әрине, келеді. Қарттар да келеді. Ұлтқа да бөлмейміз. Ала шапан, айыр қалпақ ағайындар да келуі мүмкін”, – деп жауап берді Сәкен.
Естеріңізде болса, 2017 жылдың желтоқсан айында Төреғали павлодарлық азаматқа дөрекілік танытып, “сарт” деген сөзді қарияға қаратып айтқан еді.