ТӨРЕҒАЛИ ТӨРЕӘЛІ «ЭЙР АСТАНА» ҰШАҒЫНА БИЛЕТСІЗ ӨТКЕН
Атышулы Төреғали Төреәлі енді ұшақ бортында шу шығарды. Әнші "Эйр Астана" рейсінің өз уақытынан 20 минуттай кешігіп ұшуына себепші болған деп хабарлайды time.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
13 қыркүйек күні Алматы-Гонконг бағытында ұшатын 929 рейсті ұшақтың ішіне әнші балаларын көтеріп кірген.
Алайда оның қолында билеті жоқ екені анықталады. Осыдан соң рейс өз уақытынан 18 минутқа кешігіп ұшқан.
Куәгерлердің айтуынша, ұшуға дайындалған сәтте борттан ер адам шығып кетпекші болған. Оны тоқтатқан бортсерікке әнші өзінің жолаушы емес екенін айтып, есікке беттейді. Бұл штаттан тыс оқиға ретінде бағаланып, тексеру қайта жүргізілген.
Анықталғандай, әнші тек әйелі мен балаларын шығарып салмақ болған екен. Алайда оның ұшақтың бортына қалай өтіп кеткені жұмбақ күйінде қалып тұр.
Бұл оқиға жолаушылардың ашуын келтірген. Куәгерлер құжаты болмаса да, тексеруден еш қиындықсыз өткен әншінің қылығы мен ауежайдың қызметкерлері жіберген олқылыққа қатты наразы.
"Эйр Астана" компаниясының баспасөз қызметі әншінің есімін атамастан, Time.kz сайтына аталмыш оқиғаға байланысты жауап қайтарған.
"13 қыркүйек күні КС 929 "Алматы-Гонконг" рейсінде ер адамның бортқа кіріп кеткені анықталды. Қолында баласы бар азамат ұшақтан шығып кетпек болған.
Жолаушыларды қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп, ұшақ өз уақытынан 18 минутқа кешігіп ұшты.
Қазір Алматыдағы әуежайға хат жолданды. Алда мұндай оқиғалар қайталанбас үшін, ішкі тексеру жүргізілетін болады".