Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекованың концертіне неге келмеді?
Мөлдір Әуелбекова желтоқсан айында өткен концерті қарсаңында бұрынғы продюсері Баян Алагөзовамен татуласқан еді. Өнер иесі экс-ұстазының алдынан өтіп, тіпті оған концертке шақырту билетін табыстаған. Кейіннен Бағым Мұхитденованың да алдынан өткенін айтады. Алайда қос ұстазы Мөлдірдің алғашқы ән кешіне келмеген.
Мұның себебін Мөлдір “Хабар” арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Мөлдір бұрынғы продюсерлерімен қарым-қатынасы жақсы екеніне сендірді. Айтуынша, апалы-сіңлілі продюсерлердің Астанада өткен концертке келмеуінің өз себебі бар.
“Сол орталықтағы ең алғаш жеке концерт беріп жатқан мен екенмін. Ол кісілер менің ұстаздарым. Мен міндетті түрде алдарынан өтіп, шақыру билетін бердім. Бірақ тура сол күні Алматы қаласында “Жыл таңдауы” деген үлкен премия жүріп жатты. Ол кісілер сонда қатысатын болды, алдын ала жоспарланған. Менің концертім 20 күнде жасалды, алдын ала шақырсам мүмкін келер ме еді? Тақалған кезде шақырғандықтан, келе алмады. Шақыру билеттерін өзі 5 күн қалғанда тараттым. Бірақ хаттамаларын жазып, сәттілік тілеп, мен үшін қуанышты екендерін айтты. Сол себепті көп уайымдамаңыздар, бізде бәрі жақсы”, – дейді Мөлдір.
Сонымен қатар, Әуелбекова концерт кезінде не себепті жылағанын түсіндірді.
“Қаншама жылдық еңбегім, расында арманым орындалған күн болды. Одан кейін жеке өмірге қатысты ән болғандықтан, барлығының тоқетері болды. Адамда өзі шыдамның шегі болады екен ғой. Сол шыдам осы сахнада тұрғанда таусылғанына таңғалдым өзім. Адам болғаннан кейін эмоциямды ұстай алмадым. Барлығы ішімде жиналып қалыпты.
Көрермен қанша уақыт тұрдым, сонша қошемет көрсетті. Алғысым шексіз. Сомен кетсін бәрі, енді жыламаймын”, – дейді Мөлдір.