Мен тірімін: Төреғали Төреәлі өзі үшін уайымдаған халыққа жауап берді
Әлдебіреулер әлеуметтік желі арқылы Төреғали Төреәлі қайтыс болды деген ақпарат таратқан. Мұны естіген әншінің тыңдармандары түн жарымға дейін уайымдап, желіде шу шығарған. Ұлы дала баласы ақпараттың жалған екенін айтып, өзін уайымдаған халыққа өлеңмен жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz.
“Бір Алланың құлымын,
Ұлы даланың ұлымын.
Ассалаумағалейкум
Ағайын мен тірімін!
Ешқандай апат болған жоқ
Үзілген де жоқ жұлыным.
Күнәсін Құдай кешірсін
Өтірік айтқан құлының.
Разылығы үшін Алланың
Кешірдім мен де қылығын.
Тірідей етін жемесін
Қазақтар бір-бірінің.
Жалған сөйлеуді қойыңдар
Одан да тілеп қойыңдар
Тәңірім ұзақ қылсын деп
Төрештеріңнің ғұмырын!” – дейді Төреш.
Желі қолданушылары әншінің амандығына шүкіршілік етіп, ол үшін қатты уайымдағандарын жазуда.
“Төреш, қорқып кеттік қой жаман, аман болшы”, “Уф, кәдімгідей жүрегім аузымнан шыға бастады ғой”, “Жаным-ау, аман жүрші, жүрегім ауырып, уайымдап қалдық қой”, “Аман болыңыз, күнімен іздеп отырдым өтірік болса екен деп. Деніңіз сау болсын”, “Бір Алла жар болсын”, “Біздің үйде титтей балаларға дейін сені уайымдап, ұйықтай алмай шықты”, – деп жазды олар.