Атамекеннен Алманияға дейін
Бұл кісімен Жаңақорғанда жолықтық. Кездейсоқ дей алмаймын, арнайы сапарлап келді. Елімізде тұңғыш рет «Хасен Оралтай – алашшыл қайраткер» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған түрткі болған сол кезгі аудан әкімі Руслан Рүстемов пен ауданның Құрметті азаматы Алшынбай Тұртанов еді.
Еуропадан келген ерекше қонақ қазақтан гөрі түрікке ұқсайтындай көрінді. Бірақ жеті атасынан қазақ екенін, Түркиеде тұрғанын әңгіме арасына араластырып сөйледі. Кейін дастархан басында да пікірлесіп, азды-көпті сұхбаттасқанбыз. Өзі өте салмақты, асықпай-саспай, ойланып барып сөз қозғайды.
–Есімім – Ысмайл. Ныспым – Сабихан, – деді ол.
– Неше тіл меңгергенсіз?–Әрине ана тілім –қазақшаны бірінші кезекке қоямын. Екінші отаным –түрік тілін таза сөйлеймін. Үшінші, қызмет бабымен Алманиядамын. Неміс тілін де меңгердім.
–Алманияға қалай бардыңыз?
–Мен ұшқыштың оқуын оқыдым. Сол негізбен бардым.
–Қазіргі қызмет қалай?
–Алманияда бірнеше авиакомпания бар. Менің қызметім Мюнхенде. «Түрк хауа иолдары» компаниясын басқарамын.
–О тамаша. Онда қазақ жігітін шеттетпей ме?
–Неге олай дейсіз? Олардың қазаққа құрметі күшті. Неміс тілін үйренгенмін ғой, еркін аралас-құраластамыз. Әріптес ретінде күнделікті байланыс жасаймыз, бір-бірімізге қонаққа барамыз.
–Отбасыңыз жайлы айтсаңыз?
–Біз Абақ Керейміз. Зайыбым Нүркамал қайтыс болған. Ол «Азаттық» радиосында қызмет істеді. Құдайдың берген перзенттері бар. Қайратым үйленген. Келінім Шелинжан қолымда. Жәнтекей әлі бойдақ. Біз ұлдарымыздың тек қазақ қызына қосылғанын қалаймыз. Ұлт болып ұйысу үшін мұның ықпалы зор. Жаңақорғанға келу сапарыңызды немен байланыстырасыз?
Ол ұзақ әңгіме. Хасен Оралтай менің нағашым. Алманияға баруыма да Хасен ағаның ықпалы болды. Шүкір, қазір жаман емеспіз, елге сіңісіп кеттік.
–Атамекенге тілегіңіз...
–Бүгінде әлемнің барлық мемлекетінде қазақ бар. Еліміз тәуелсіздік алғалы әлемге терезе ашылды. Көшеде ұшырасып қаламыз, құшақ жайып, құшақтаса кетеміз. Бауыр деген сөздің астарында кең мағына жатыр ғой. Осы қасиетті қадірлеген жөн. Жалпы, түрік халқының отаны Қазақстан емес пе? Әрдайым атақонысқа елеңдеп, жақсы жаңалығына қуанып отырамыз.
Хасен ағаға жасалған шараға ризамын. Шетте жүрген қандасқа деген құрмет туған елден тебіндеп тұрса қандай ғанибет. Жаңақорғанда Хасен аға мешіт салды. Бұны да перзенттік парыз деп санаймын. Мен мұнда келгенімде көп нәрсеге қанықтым. Ең бастысы, елдің кең пейілі, ұлттық дәстүр, салт-сана қызықтырды.
–Асылы, атамекеннен Алманияға дейін қазақтың өрісі қанат жая түссе деп біз де тілек қостық.
Қаныбек ӘБДУОВ.