Жылқының киесі
Әсілі, Асқар Сүлейменов айтпақшы, қазақ арғымақтан жаралған. Оның себебі көп. Ең бастысы, ұлт болғалы бері жаратылысы жылқымен сабақтас, сондықтан біз жылқы мінездес жұртпыз. Ал, Қамбар атаның тұқымы туралы көсіліп жазуға да, апталап айтуға да арқау сөз жетерлік. Бір ғана «Көкмойнақтың үйірі» жырындағы «Жауға мінсем – айбарым, тойға мінсем – жайнағым, төбемдегі – байрағым, жанымдағы серігім, талыс танау – көрігім, асылың хайуан демесең – малдан бөлек келімің» деген теңеудің өзінен жылқының құнын білу қиынға соқпайды. Осындай қадір-қасиеті, тұлым-табиғаты ерекше қылқұйрық мені қанша рет қалам тербеуге итермеледі. Бүгінгі мақаланың байыбы бөлек,оған мына оқиға түрткі болды.
Қайбір жылы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгенттен көкпардың екі шабыс аты ұрланды деген хабар құлаққа жетті. О тоба, айдың күні аманда қораға түскен қарақшы да жүрек жұтқан екен, қас пен көздің арасында жымқырып үлгеріпті. Бұл жердегі мәселе - кәнігі ұрының кәсібінде емес, тұлпардың киесінде тұр. Құқық қорғау қызметкерлері соңына түсіп жатқан шығар, ұры да ұсталар, бірақ оның ұятын көтеретін кісі кәдімгідей мені ойлантып отыр. Өйткені ұры алыстан келмейді, сол ауылдың алқасында жүрген біреу. Сұғанақ сабаз ауылдастың адал малын болмашы ақшаға беріп жібергені анық. Әй пәтшағар-ай, қазақ «намысты нанға сатпа» дейтін еді, бұл әрекет намыссыз адамның ісі болды. Елдің атын алысқа оздырып тұрған тұлпарды көлденең көк аттыға көзі қалай қиып берді, соны айтсай...
Ойды ой қозғайтын әдет емес па, жалпы, жылқының киесі бар. Иесіне адал қызмет етуді көздейтін таза қанды жануардың мықтылығын мойындамасқа шара жоқ. Бір ғана мысал. Белгілі актер Асанәлі Әшімовтың естелігін тыңдашы. «Ш.Уә¬лиханов туралы кино түсірілімінде Шоқанның рөлін сом¬да¬ған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы шарша-ғаннан ба, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті. Ашу қыс¬қан мен атты қатты жекіп, басы¬нан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: «Аға, тоқтат!» деп қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. Сол сәттегі жануардың жасқа толы жанары әлі есімнен кетпейді» деген еді Асекең.
Ия, жылқы жетекке жүре беретін жануар емес. Ол мінезді. Кемшілікті кешірмейді. Туған жерді қимайтын, туған қорасын тастамайтын талғампаз. Иесін іздейді, сағынышы кеудесіне сыймайды. Сондықтан қазақ сәйгүлікті сатпайды, соймайды, біреуге сыйламайды.
Әр ұлттың болмысына сай кие санайтын аң-құсы бар. Айталық, Ш. Уәлихановтың “Қазақтардағы шамандықтың қалдығы” атты еңбегінде: “Қазақтар киеге үлкен мән береді. Сондай құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар дейді, ал, олардың өзін киелі деп атайды. Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу – киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары – кесір деп аталады”, – деп түсініктеме берген.
Киелі жануарларды ғылыми тілде зоолатрия деп атайды. Ол гректің “zoon” – жануар, “latreіa” – құрмет тұту, табыну деген сөздерден шыққан. Халқымызда киелі жануарларға құмырсқа, өрмекші, дәуіт, тасбақа, қарлығаш, үкі, бүркіт, ұлар, аққу, дегелек, тырна, арқар, киік, құндыз, төрт түлік мал жатады. Мысалы, өрмекші - Мұхаммед пайғамбарды (ғ.с.) жаудан құтқарса, ал дәуіт – құс ұясындағы жазықсыз қызылшақа балапандарды құтқарушыға, қарлығаш – адамның досына, аққу – пәктіктің нышанына жатады.
Жылқы атасы - Қамбар ата туралы халық арасында әр түрлі дерек бар. Мысалы, Қамбар ата есімін Мұхаммед ( с. ғ. с.) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегісі болған Ганбар есімді кісімен байланыстырады. Мүмкін солай шығар, сайын далада ұшқан құспен, жүйрік киікпен жарысқан жылқы текті жануар екеніне дау жоқ.
Біздің ауылда Өмірзақ деген кісі болды. Кәсібі жылқы ұрлау еді. Ел біледі, бірақ үстінен ұстап алмаған соң «сен ұрысың» демейтін. Дария жағасы ен тоғай, іші жылқыға толы. Күз салым семіз жылқыға ауыз салу артады. Жылқысын бір жоғалтып, екі жоғалтып шаршаған жұрт назалана бастайды. Сол баяғы Өмірзақтан көреді. Ақыры елдің наласы, жылқының киесі ұрыны ит өлімге итермеледі. Үзенгіде бір аяғы қалып, аттың тепкісінен бет-ауызы танымастай болып ісініп, оның үстіне бес-алты күн далада жатып, денесі сасып жатқан жерінен тауып алды. Ел «ажалы ақыры аттан келді» деді де жерледі. Дана халқымызда «Тұлпарға қас қылғанның тұқымы құриды» деген киелі сөз бар. Бәлкім, осы сөздің жаны бар шығар...
Қаныбек ӘБДУОВ.