Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҰЗАТУ ТОЙЫ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

ҰЗАТУ ТОЙЫ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

 Базардан келген құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп-кетіп жүріңдер,
Сағындырмай, туысқан...

  Бұл – ел-жұртынан ұзатылып бара жатқан бойжеткеннің туған-туысына айтатын қоштасу әні. Ән емес-ау, тыңдағанның сай-сүйегін сырқырататын сыңсу ғой. Сонау ықылым заманнан келе жатқан жарасымды әрі тәрбиелік мәні зор, сән-салтанаты келіскен баба салтының өзіндік жоралғысы да жоқ емес. Ұлттық әдет-ғұрыптың әрбір жөн-жосығына дейін аса мән беретін халқымыз бұл дәстүрге де ерекше назар аударған. «Қыз – қонақ» дейді. Ертеректе үйдің бұрымдысы өзге жұртқа ұзатылар алдында жанына сырлас ең жақын екі-үш құрбысын ертіп, ағайындардың шаңырағына қонақ болып қыдырып қайтатын көрінеді. Бір күн – бір үй, келесісінде – екінші үй, тағысын тағы жалғаса береді. Сән-салтанаты келіскен құрбыларды қыз жақ құрметтеп, сыйлап, төрден орын беріп, ортаға мол дастарқан жаяды. Ал, ұзатылар қыз көп ішінен көз тартып тұрар кейпімен ерекше назарға ілінген. Оған ағалары ең көркем атты күміс ер-тоқымымен, жүген-ноқтасымен әшекейлеп мінгізген. Көздің жауын алатын мақпал қамзол, құндыз бөрік киеді. Қасындағы құрбылары да барын киіп, сәніне сән қосып шығады. Бар жиғанын алдына тосып, бәйек болып жеңгелер жүреді. Ал, межелі күн жетіп, құтты орнына қонатын сәт туғанда бойжеткенді екі жағынан қос жеңгесі қолтықтап алып шығып, тойға жиылған қауыммен қоштастырады. Сонда әке-шеше, туған-туыстан алыстап бара жатқан қыз ішіндегі қимас сезімді, ерекше толқынысты әсерлі әнмен жеткізеді. Ән болғанда қандай? Жүректі елжіретіп, жан-дүниеңді құлазытатын ән. Өлең айта жүріп, ата-анасына, бауырына жәрдем етіп, қарайлап жүруді ет-жақын жекжаттарына тапсырады. «Қыз – қамқор» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Сөйтіп, күн ұясына кірмей тұрып, құдалар жақ қызды ақ батасымен алып кетеді. Біз айтып жүрген «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады» деген сөз осындайдан қалса керек, сірә. Ал, қазір қазақ қызын қалай ұзатып жүр? Бүгінгі бұрымдыларымыз бұл ата-дәстүрдің алтын арқауын үзіп алмады ма? Айтпағымыз осы хақында. Қазақ қызын қалай ұзатып жүр демекші жақында бір құрбымыздың қуанышына ортақтасып қайттық. Мейрамхана, зәулім сарай ішінің безендірілуі, молшылыққа жайылған дастарқан бәрі тамаша. Қыз да иненің көзінен өткендей үзіліп тұр. Үкілі сәукеле, қыпша бел қамзол бәрі жарасымды. Содан не керек, той қыза түскен шақта қыз ән айтып, ата-анасын ортаға биге алып шықты. Сыңсуы бұрынғыдай жан-дүниеңді елжіретер әсерлі болмаса да, тербелген әуен ырғағымен билеп жүр. Ал, қыздың әкесін вальске шақырып, ортада дөңгелене билеуі қараған көзге ерсілеу көрінді. Сірә да, ар-иманды биік ұстаған халқымызда әкенің қызына деген емеуріні ерекше екені рас. Десе де, қанша жерден қызғалдақтай қызын көздің қарашығындай қорғап, әкелік зор махаббатымен өсіргенімен оның талдай ақ білегінен де қысып ұстамаған. Балаға деген ата-аналық сезімін тек құшырлана маңдайынан иіскеп, сүюмен ғана шектелген. Бұл – тәлімді тәрбиенің қайнар бастауы, халқымыздың үлкен тектілігінің белгісі. Ал, қазіргідей көпшілік көзінше қызының құмырсқа белінен ұстап, шыр көбелек билейтін әкелерді бүгінгі тойлардан талай мәрте көріп те жүрміз. Қараған көз ұялады. Одан қалды ұзатылар қыз құрбыларымен бірге топтық би билейді, ән шырқайды. Осындай қуаныштарда сыңсу айтып нәпақасын айырып жүрген бір әншіні жалдап, еңбегіне тиын-тебен қыстырады да, қоштасып шығарып салады. Айтқан әнші мен тыңдаған құлақта жазық жоқ. Кейде ғасырлар бойы қалыптасқан ғажайып таным, бірегей үлгіні халықтың көкейінен алып тастай алмайтын болған соң, оны тек осылайша бұрмалаудан басқа жол жоқ па дегендей ойға келесің. Десе де, біздікі бар болғаны қуатты мұраның құндылығын құнттап, оны өз биігінде насихаттау ғана ғой. Әйтпесе, кешегі «Қыз Жібек» жырындағыдай «Аққулы мекен, гәккулі мекен, ол дәурен қайта айналып келер ме екен?» деп жүрегіңді қарс айырып, жан-дүниеңді езіп жіберетін әуезді әндер бүгінде жоқтың қасы.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
10 қазан 2017 ж. 3 708 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам