ЖИЕНҚҰРЫҚ
Ертеректе Жазушылар одағы үйінде ақын Иранбек Оразбаев ағамыз жанынан сәлем беріп өте берген Баянғали Әлімжановқа: – Өй, жаман жиен! – депті. Сонда аламан айтыста шашасына шаң жұқпаған тапқыр ақын:– Нағашыма тартқанмын, – деп кете беріпті. Иранбек Оразбаев оны тосып тұрып, қайта өте бергенінде:– Өй, жақсы жиен! – десе, Баянғали жыршы тағы да нағашы мен жиен арасындағы қағытпаға басып:– Әкеме ұқсағанмын, – депті.Сонда әзіл-қалжыңы жарасқан Иран-Ғайып ағамыз күліп тұрып:– Әй, мен сені бұдан былай әкесіне де, шешесіне де тартқан жақсы жиен деймін, – деген екен. Олай дейтіні, Иранбек Оразбаев Баянғали манасшының анасымен рулас екен. Кезінде аталары Кенесары қолымен бірге аттанып, Сыр өңірін мекендеп қалған көрінеді. Нағашы мен жиен арасындағы әдемі әзілмен өрілген бұл әңгімені Баянғали Әлімжановтың «Деген екен» кітабынан оқып, езу тартқаным бар.Расында, халқымыздың туысқандық қарым-қатынасында осы бір жандардың сыйластығы мен қағытпа-қалжыңы әрдайым жарасымды. Қыз баласы болғанымен, олар да немере. Көреген аталарымыз оны «жиен» деп атап, «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деп үлкен құрметпен қараған. Иә, нағашылар үшін жиен орны қашанда бір төбе екені даусыз. Оларды сыйлап, төрін ұсынған. Тіпті, «Жиен мыңнан үлкен» деп ерекше ілтипат білдірген.Қолы жомарт текті халқымыз не нәрсеге де дарқан көңілмен сараңдық танытпаған ғой. Шаңыраққа бас тіреп келген әрбір мейманды «Қуыс үйден құр шықпа» деген ниетпен бос қайтармаған. Олардың әрқайсысына қалыптасқан жөн-жоралғыға сай сый-сияпат ұсынған.Сол сияқты төркіндеген қызға, қайындаған күйеу жігітке жасалатын құрметпен бірге олардан туған балаға да арналған дәстүр бар. Оған салтымызда «жиенқұрық» деген атау берген. Кей жерлерде жиенге «қырық шұбар мінгізу» немесе «қырық серкеш беру» деп те аталып жүр. Көпті көрген үлкендердің айтуынша, бұл – жиеннің алғашқы нағашы жұртына келгенде орындалатын рәсім түрі екен. Яғни, дәстүр бойынша қыздың баласына қалағанын берген. Нағашысы мәрттік танытып, олардың бетін қайтармай, үш рет сұрағанын беруге міндетті екен. Кей жандардың сараңдығы ұстап, қалағанын бермесе, «Бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан» деп жиендік жасап кетіп отырған. Мұндайда оның барымталаған бұл ісіне ешкім қабақ шытып, ренжімейді де екен.Атадан жеткен дәстүр бойынша нағашылар ер балаға тай мінгізсе, қызға алтын, күміс әшекей тарту еткен. Сөйтіп, 40 серкешті нағашылар жағы алғаш төркіндеп барған жас жұбайлар мен сәбиге кәде ретінде алдарына салып, өздерінің тарту-таралғысын жасайды. Ал, «жиенқұрық» сөзінің шығу тарихы туралы ел аузында мынадай әңгіме сақталыпты. Әр нәрсенің жөнін білетін ауылдың қазыналы қариялары сөздің орайы келгенде бұл жайында үнемі әңгімелеп отырушы еді. Бұрын кішкентай жиенді немесе жиеншарды нағашы жұрты ауылына шақырып, қолына құрық ұстатады екен. Сөйтіп жақын маңайда жайылып жүрген жылқысына апарып: «Ал, кәне, мына жылқының біреуіне құрық таста, сенің құрығың тиген жылқы айғыр болса, соның бір тоғыз үйірі сенікі болады» дейтін көрінеді. Жиені ересек қамшыұстар жігіт болса, онда ол жайы¬лып жүрген жылқының кез келген біреуіне құрық салып, ұстап әкелуге тиіс болған. Айдап әкелгені айғыр болса, оның үйірі әлгі жиеннің толықтай меншігіне көшуі бұзылмас үрдіске айналған екен. Ал, мұндай жиенқұрық жасауға кей жандардың тұрмыстық жағдайы мұрша бермесе, көрпесіне қарай көсіліп, қолындағы барымен ырымдаған. Осылайша халқымыз сыйластықтың дәнекері – алыс-берістің өзіне ерекше мән беріп, сый-сияпаттың жол-жоралғысын жіктеп таратқан. Ел аузындағы «Алмасаң-бермесең жат боласың» деген тәмсіл осыдан қалса керек...
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ.