ТЫРНАҚ ЖАПСЫРУ ЗИЯН БА?
Өзім тырнақ жапсырып көрмеппін. Осы күндері лак бояуын да жақпаймын. Табиғи тырнақты қалаймын. Ал, сіз ше?
Алайда, қазір жасанды сұлулыққа құштар бойжеткендердің қатары көбейді. Олар әдемі көріну үшін жасанды шашты, кірпік пен тырнақты жапсыратыны жасырын емес. Бірақ, оның денсаулыққа тигізер зиянды тұсын ескермейді. Егер сіз жасанды тырнақ жапсырғыңыз келсе, мына кеңеске құлақ түріңіз.
Жасанды тырнақты акрил немесе арнайы гель арқылы жапсырады. Бұл екі сұйықтықта химиялық өнім болғандықтан табиғи тырнаққа зиянын тигізеді. Егер жасанды тырнақты екі-үш күннен кейін алып тастайтын болсаңыз, онда сұйықтықты жұқалап жағыңыз. Бұл акрилдің тырнаққа тигізер зиянды әсерін азайтады.
Сұлулық салонына барғанда шебер сізге маска ұсынбаса, ол жерден тез кетіп қалыңыз немесе өзіңізбен бірге маска ала барыңыз. Себебі, акрилаттардың өзінен гөрі, оларды ерітетін ликвидтің адам ағзасына тигізер зияны көп. Өйткені, тырнақты жапсыру үшін екі сағаттан аса уақыт кетеді. Осы кезде химиялық иіс пен дем алу аллергия тудыруы мүмкін.
Тырнақты жапсырған соң қолыңызды екі сағаттан кейін жуыңыз. Және кез келген затты ұқыптылықпен ұстап, сауна мен моншаны уақытша ұмыта тұруға тура келеді. Ал, егер тырнағыңызды алып тастайтын болсаңыз, арнайы сұйықтықты жағып фольгамен орап қойыңыз. Сонда тырнақ жұмсарып, тез алынады. Және табиғи тырнағыңызды бүлдірмейді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Егер тырнақ сау болсын десеңіз, бояусыз жүре алмасаңыз, осы қадиғаларды есте сақтасаңызғ артық болмайды.
Дайындаған: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.