Емдеу мекемелеріне 36 санитарлық автокөліктің кілттері табысталды
Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақов медициналық мекемелерге арнайы автокөліктердің кілтін табыстады. Облыстың медицина мекемелеріне 7 мамандандырылған реанимобиль, шақыруларға қызмет көрсететін 12 "Ларгус" және 17 "УАЗ" автокөлігінің кілті табысталды.
Аймақ басшысы Қ.Ысқақов денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін құттықтап, Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында халықтың денсаулығын нығайту жұмыстарына мән беретіндігін айтты. Мәселен, биылғы Жолдауда Президент Үкіметке 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін тапсырды.
– Денсаулық сақтау саласына қашанда қамқорлық көрсетіліп келеді. Соңғы 5 жылда республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен, апатты деп танылған медициналық нысандардың 64 пайызы жаңадан салынды. Қызылорда облысы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі жағынан республика бойынша алдыңғы орында. Медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға дейін көтерілді. 3 жыл бұрын саланың кадрларын даярлау мақсатында алғашқы гранттар бөлінді. Қазіргі таңда 30 бакалавр мен 42 резидентіміз жоғары медициналық оқу орындарында білім алуда, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, аймақ дәрігерлері Корея, Жапония, Ресей мемлекеттерінің үздік клиникаларында ұзақ мерзімді тәжірибе алмасып келуде. Бұдан бірнеше жыл бұрын облыста бір ғана травматологиялық пункт болса. Бүгінде медициналық көмектің бұл түріне қол жетімділікіті арттыру мақсатында қосымша 3 пункт және Арал, Жаңақорған аудандарында ауданаралық травматологиялық бөлімшелер ашылған. Аталған бөлімшелер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондай ақ облыстың жедел-жәрдем қызметін бір орталыққа үйлестірілген. Аралдан Жаңақорғанға дейін аралықтағы шұғыл медициналық көмекке мұқтаж науқастың барлық қажетті ақпараты бір жерге жинақталып, бұл өз кезегінде жылдам, әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.