Әкімнің кеңесшісі атанған Мейрамбек Бесбаевтың өнерден қол үзгені рас па?
Биылғы жылдың қыркүйек айының басында танымал әнші Мейрамбек Бесбаев Алматы қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған еді. Өнер иесі лауазымды қызметке келгеннен кейін алғаш рет сұхбат беріп, қандай жұмыстарды атқарып жатқанын айтты. Сонымен қатар өнерден қол үзгені туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «НТК» арнасының «Ревю» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Лауызымды қызметке тағайындалған Мейрамбек Бесбаев «осындай бауырларым бар кезде сахнаны қорықпай беріп кете аласың» дейді. Сонда әнші өнерден қол үзбек пе? Ол туралы былай дейді.
«Әр нәрсе өз уақытымен болады ғой. Өмір бақи сахнада жүріп, 90-ға келгенше ән айтамын деп ойламаймын. Өз кезеңдері болады», - дейді Мейрамбек мырза.
Қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі бүгінгі жұмыстарына қатысты да сөз қозғады. Ол жаңа қызметін жас буынды қолдаудан бастағанын айтты.
«Өзім өте қуаныштымын. Өз саласына өз адамдарының барғаны құба-құп. Ол түсінеді, жаны ашиды. Әр салада өз жанашыры отырса, алға қарай қадам басады деп ойлаймын.
Біздің жас әншілерімізді, әсіресе, дәстүрлі әншілерді қолдау керек. Шынымды айтсам, қазақы әншілерді жүрегіммен қолдаймын. Біздің сарайдың төңірегінде қаншама мәселе бар. Бәрін ақырындап шешіп жатқан сияқтымыз», - дейді «МузАрт» тобының әншісі.