Қант диабеті ойландырып тұр
Соңғы жылдары елімізде қант диабеті ауруы күрделі мәселеге айналды. Бұл дерттің пайда болуына байланысты нақты тұжырым жоқ. Десе де, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі, семіздік, ашушаңдық, ішімдікке әуестік сынды факторлар оған тікелей әсер етуі әбден мүмкін.
Соның салдарынан ұйқы безінен бөлінетін инсулин гормонында ауытқу пайда болады. Бұл өз кезегінде қандағы қант мөлшерінің артуына әкеледі. Ал, оның шектен тыс көбеюі ағзаның улануына, соңында инфаркт, комаға әкеп соғуы мүмкін. Инсулинсіз ағзадағы қант түйіршігін өңдеу мүмкін емес. Мұндай жағдайда науқас оған тәуелді болады.
Бүгінде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары бұл дерттің белең алуына алаңдаушылық танытуда. Статистикаға сүйенсек, әлемде 400 миллионнан астам адам осы дертке шалдыққан. Бір өкініштісі, жыл сайын олардың қатары көбейіп отыр. Біздің елде оған шалдыққандардың саны 300 мың адамнан асады. Олардың көпшілігі – әйелдер әрі соның салдарынан көру қабілеті нашарлап, инфаркт алған. Тіпті, ауру әсерінен мүгедектік халге жеткендері де кездеседі. Аталған дерттің екі сатысы бар. Алғашқысы 30-ға дейінгі жастар болса, екіншісіне 40-тан асқан кісілер жатады. Сондай-ақ, бұл ауру балалар арасында кеңінен етек алуда. Бүгінде аймақта диабетке шалдыққан 286 бүлдіршін есепке алынған.
Балалық шағында олардың инсулинге тәуелді болып, өмір үшін күресуі қынжылтады. Себебі, онымен сырқаттанғандар үнемі салауатты өмір салтын ұстануы керек. Әрдайым дәрігердің бақылауында болып, тамақты да талғап ішеді. Әрине, мұндай жағдай ойын баласын қажытары анық. Дегенмен, дерттің асқынбауы үшін ата-ана жіті қадағалап отыруы қажет.
Елімізде жыл сайын 14 қараша дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күні аталып өтеді. Биыл да «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің бастамасымен қаладағы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде үлкен шара ұйымдастырылды.
Қазіргі кезде облыста балалары осы дертке шалдыққан ата-аналар бірлесіп, түрлі жұмыстар атқаруда. Олардың басты мақсаты – бүлдіршіндердің қоғамнан шеттетіліп қалмай, ел қатарлы өмір сүруіне барынша жағдай істеу. Осыған орай ата-аналар мен қайырымдылық үйінің директоры Анар Ізден бастаған топ білім ошақтарын аралап, ондағы оқушыларға қант диабетінің қандай сырқат екенін түсіндіріп, алдын алу жолдарын айтуда.
– 1922 жылы канадалық жас ғалым Фредерик Бантинг тарихта тұңғыш рет қант диабетінің аса ауыр түрімен сырқаттанған 14 жастағы ұл балаға инсулин инъекциясын жасаған. Сөйтіп, оның өмірін құтқарып қалды. Бұл дертке шалдыққандар жыл сайын жасаруда. Осы сырқатпен 2 жылдан бері күресіп келе жатқан ананың бірі ретінде зерттеп жүрмін. Инсулинге тәуелділік деген ең қиынның қиыны. Оның ішінде бала психологиясына кері әсерін береді. Десе де, біз үнемі балам екеуміз бірге әрекет жасаймыз. Сондықтан қант диабетін бірқалыпты ұстап отырмыз. Бүгінде біздің өңірде балалары осындай жағдайға тап болған ата-аналар «Ұмай» қайырымдылық қорымен бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізіп жүр. Ондағы мақсат – бұл дерттің қандай өзекті мәселе екенін жасөспірімдерге ұғындыру. Ең бастысы, балалар ауырмасын. Дені сау болсын, – деді облыстық қант диабетімен ауыратын балалардың ата-аналар төрайымы Әсел Шалбаева.
Шара барысында мектеп оқушылары аталған дерт туралы диктант жазды. Сондай-ақ, спорттық ойындардан түрлі сайыстар өткізді. Мұндай шара одан әрі қаладағы №12 орта мектепте жалғасын тапты.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ