Сапасы жақсарған «Жедел жәрдем»
Бүгінде облыс бойынша 77 жедел жәрдем тобы жұмыс атқаруда. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына 2016 жылдан бастап Сall- орталығы мен санитарлық авиация бөлімі кірді. Ал, былтыр 103 бырыңғай оперативті бөлімі 112 – бырыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі бірікті.
– Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының 2018-2020 жылдарға арналған жедел медициналық көмегін дамыту Жол картасы бойынша стансаның жұмысы жанданып, жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Бүгінде шалғайда орналасқан елді-мекендерден түскен 1-3 санатты шақыруларға біздің мамандар дер кезінде көмек көрсетуде. Биыл қалада қосымша екі топ қосылды. Сондай-ақ, Жанақорған ауданы, Манап елді мекенінде бір жедел жәрдем тобы дислокациясы ашылды. Келесі жылы бесеуін ашу жоспарда бар, – деді облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Алмат Құрманғали өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихантында.
Айта кету керек, биыл бұл саланың қызмет сапасына түскен арыз-шағым былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,8 пайызға төмендеген. Ал, санитарлы автокөлікпен жабдықтау бағытында 7 реанимобильге ие болды. Қазіргі кезде 15 санитарлы автокөліктің келуі күтілуде. Сонымен қатар, жылдың аяғына дейін республикалық бюджеттен 19 жабдықталған санитарлы автокөлік алу жоспарлануда.
Бұл саланың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында Қазалы және Шиелі аудандық бөлімшелерінде күрделі жөндеу жүргізілген. Ендігі кезекте қалған аудандық жедел жәрдем бөлімшелерінің ғимарат мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізуге байланысты шешімдер қабылдануда.
Ақмарал ҚАДЫРХАН