Қызылордалық ерлі-зайыптылар үйлену тойын 13 жылдан кейін жасады
Қызылорда қаласында ерекше той болып өтті. Ерлі-зайыпты Талғат Аманжолов пен Махаббат Қалыбаева үйлену тойын 13 жылдан кейін жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерлі-зайыптылар 2006 жылы отау көтерген болатын. Ол уақытта Талғат 21, Махаббат 17 жаста екен. Екеуі достарының тойында танысып, бір-бірін ұнатып қалады. Көп ұзамай қол ұстасып, отбасылық өмірге қадам басуға шешім қабылдайды. Әкесі ертерек дүниеден озғандықтан Аманжоловтар отбасындағы үш қыз, екі ұлды анасы Гүлдерай өсіріп жетілдірді. Ұлдың кенжесі болғанмен Талғат ешкімге салмақ салғысы келмеген, бірақ өзімен қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқан жұбайы Махаббатқа үйлену тойын кейін жасайтынына уәде берген болатын. Дегенмен тұрмыс жағдайымен арада жылдар өтіп, сол уәдені орындаудың орайы енді келді. Бүгінде Талғат пен Махаббат алты бала тәрбиелеп, үш ұл мен үш қыздың ата-анасы атанды.