Bek Air ұшағы апаты: қаза тапқан пилоттың қарындасы сұхбат берді
Bek Air ұшағы апатынан қаза тапқан пилот Марат Мұратбаевтың қарындасы Сәуле Мұратбаева сұхбат берді. Ол сұхбатында бауыры жайлы айта отырып, апатқа қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарындасының айтуынша, отбасында төрт бала болған. Марат тұңғышы болғандықтан барлық жауапкершілікті өз мойнына алған. "Біз Қызылорда тумасымыз, отбасымызда төрт бала болдық. Ата-анамыз жұмысқа кетіп қалғанда барлық жауапкершілікті Марат өз мойнынан алатын. Мектепте жақсы оқитын, маған үнемі көмектесіп жүретін, барлығының сабағына көмектесетін. Мейірімді, ұстамды, жауапкершілігі жоғары еді. Пианинода, гитарада ойнайтын. Достары да көп болатын. Шетелге көп баратын, тілдерді үйреніп жүретін", - дейді Сәуле Мұратбаева. Оның айтуынша, бауыры кішкентай кезінен ұшқыш болуды армандаған. Мектепті бітірген соң Ақтөбедегі Азаматтық авиация училищесін бітірген.
«Таяуда сыныптастары оны еске алған еді - Марат шығармалардың барлығында ұшқыш болуды армандайтынын жазған. Ол ойын ешқашан өзгертпеген де. Содан мектеп бітіріп, үйленді, 40 жыл осы қызметте болды», - дейді ол. Сәуле Мұратбаеваның айтуынша, бауырының артында екі баласы қалды. Ұлы - 34 жаста, қызы - 30 жаста.
"Барлығымыз бұл іс немен аяқталады деп алаңдап отырмыз. Апаттың бірнеше нұсқасы айтылып отыр. Мен үшін ағам батыр болып қала береді, себебі ол бірнеше адамды құтқарып қалды. Жерлеу рәсіміне барлық әріптесі келді. Марат қолынан келгенін жасады деп ойлаймын. Комиссияның не шешетінін білмеймін. Бірақ мен командир кінәлі екеніне сенбеймін. Логикалық тұрғыдан қарасақ, командир әр рейс алдында ұшақты тексеріп шығады. Соншама жыл жұмыс істеп жүрген тәжірибелі адам мұзды байқамауы мүмкін бе? Ол өз-өзіне жау емес шығар? Қанша сағат ұшып жүрген адам, тәжірибелі командир. Ұшқыштар, экипаж қауіпсіз жағдайда ұшып, жолаушыларды тасымалдауы керек - олардың міндеті сол", - дейді Сәуле Мұратбаева.