Ардагерге арналған құрмет
Жалағаш ауданының полиция бөлімінде ардагер ағалардың жолын үлгі ету мақсатында ішкі істер органдарының ардагері, өлкетанушы-журналист Болатбек Нұржановтың 60 жас мерейтойына орай салтанатты жиын өткізілді. Жиын барысында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кеңесшісі, департаменттің «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Серікбол Тұңғышбай сөз алып, мерейтой иесін Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Сондай-ақ, салтанатты жиында сала ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Доспанбетов Бағланбек, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы Батырбеков Әзиз, аудандық мәслихат депутаты Қыпшақбаев Ақділдә, аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция подполковнигі Базарбай Ержанов сөз сөйлеп, мерейтой иесінің өмір жолы, қызметі, шығармашылығы туралы сөз қозғады.
Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ағаділов Нұрлан Амантұрұлы сала ардагерін 60 жас мерейтойымен құттықтап, сый-сыяпат жасады:
- Болатбек Нұржанұлы ішкі істер саласында біраз жылдар бойы қызмет атқарды. Қазіргі таңда құрметті зейнет демалысына шықса да, полиция бөлімімен тығыз байланыста болып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Аудандық газетке полиция қызметкерлері мен ардагерлері жайлы портреттік мақалалар жариялап, олардың ерлік істерін көпке үлгі етуде. Ағамызды мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, отбасына бақ-береке тілейміз,-деген тілегін білдірді.
Жиын соңында Болатбек Нұржанов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі