Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тоқтық иманды әлсіретеді

Тоқтық иманды әлсіретеді

   Жұт заманында аштан өлгелі жатқан атамыз «Біздер жақсы уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ұрпағымызға қиын болады» деген екен. «Ол не дегеніңіз?Аштан өлу қалай жақсы болады?» деп төңірегіндегілер таңырқай сұрағанда, ол «Біздер аштықпен сыналып жатырмыз. Ұрпағымызға сынақ тоқтықпен келеді. Аштық иманнан айырмайды, керісінше құдайға жақындатады. Ал тоқтық иманнан айырып, құдайды ұмыттырады. Сол заман қиын соғады» деген екен.
Иә, небір жұт пен зұлмат жылдарды бастан өткеріп, қиындыққа қасқайып қарап, зар заманда өмір сүрген ата-бабалардың жүріп өткен жолын тарихтан білеміз. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ағайыннан айырылған жаман екен, Екі көзден сорғалап жас келеді...» деп боз далада боздаған «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» да көрген қазақ бұл. Сонда да қотандағы қойын қоздатып, ошақтағы отын маздатып, иен даланың шырайын кіргізіп, егін егіп, отбасындағы қарадомалақтарының бақыты үшін бел шешіп қай кәсіптен де тартынбаған елдің ұрпағы екенімізді мақтан етеміз. «Әр аштықтың бір тоқтығы болады» дейді қазекең. Сондай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман біздің өмір сүру кезеңімізге дөп келгені қандай керемет! Бұл біздің ата-бабалар аңсаған азаттық, олар көрмеген тоқшылық заман ғой шынында. Жоқшылықтан гөрі тоқшылық болғанын барлық пенде қалайды, әрине. Бірақ кейде бардың қадірін білмей, көп нәрсені ысырап қылып жататынымызға қарап бармақ тістейміз. Мұны қазақ шығынға батқан сәтте «Көп асқанға бір тосқан» деп тұспалмен білдіреді. Астам сөйлеу, ас та төк дастархан, қандай нәрсе болсын мөлшерден тыс болса, оның адамзатқа зияны шаш етектен. Оны шариғатта да дін өкілдері жиі еске салады. Ол жайлы ғұлама Абай атамыз да қара сөздерінде жіліктеп талдап береді түсінігі жеткен жанға. Бірақ біз пендешілікке салынып, осы ескертпені үнемі ұмыт қалдырамыз.
Көз алдымыздан көлбеңдеп өтіп жатқан талай оқиғалар еріксіз ой-санаңда өкініш тудырады. Былтырғы жылы бір жақын құрбымның інісі 26 жасында өмірден өтті. Артында жұбайы мен 5 баласы қалды аңырап. Өкініштен өзектері өртеніп, жетімек болған балалардың тағдыры сынаққа түскен шақта кеудесінде жаны бар адамның бәрі көмекке ұмтылды. Әйтеуір жесір қалған әйелдің күйеуінің жолдастары, көрші-көлем, туысқан-бауыр бірі шет қалмай, қолдағы барын заттай, ақшалай болса да беріп жатқанын көзбен көрдік. Бұл біздің ұлтымыздың қанына біткен жомарттық пен мейірімнің нышаны, адамгершілік пен ар-иманның шапағаты болар. Қапыда асыраушы азаматынан айырылған шаңырақтың кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамауға тырысқан халықтың қарасы көп болды, әйтеуір. Көпбалалы отбасы болған соң мешіттен де, арнайы мекемелерден де әлеуметтік жәрдем үзілген жоқ.
Оған бәріміздің ішіміз жылып, «орнында бар оңалар» деп сүйсініп қолдауға қуанып отырдық. Алайда қазақта «айтпаса сөздің атасы өледі деген» бар ғой. Бұл жолы сол отбасына марқұмның жылдық асына барғанда жұт болғанда күңіреніп айтқан атамыздың сөзі ойыма түсіп, күмілжіп қалдым. Дастарханда құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Қарасаң көздің жауын алады. Ылғи қымбат кәмпит, қазы-қарта, неше түрлі салат, жеміс-жидектің барлық түрі тұнып тұр. Тойдың дастарханынан асырып жіберген. Кіріп-шығып жүріп көрші-көлемнің өзара әңгімесін құлағым шалып қалды. «Балаларының жәрдемақысы дастархан мәзіріне жетпей қалыпты, мұндай шығынның не керегі бар?Жетім балалардың несібесін далаға шашқанмен бірдей ғой бұл. Өзі жұмыс істемейді. Қандай өкінішті. Қыстың көзі қырауда балаларға киім, отын-су жағы қалай болар екен?Обал-ай. » деп жатты.
Ал қаза болған жігіттің жанашыр деген апаларына емеурінмен болса да, жөнсіз әрекетті айтқанымызда, «өмірден не көріп кетті? Ел емін-еркін ішіп жесін дедік. Бақилық болған жанға тірі адамдар ішіп-жесе оқылған дұға қабыл болады екен» деп қатқыл қабақ көрсетті. Ол кісіге құранның қабыл болуы дастархан молшылығында емес, ниетте» деп айтуға сауатымыз жеткенмен, батылымыз жетпеді. Онсыз да жаралы жүрекке сызат түспесін дедік. Ал, шиеттей балалардың тағдыры не болады? Сондай дақпырт пен даңғойлық кімге керек? деген сөз көкіректі кернеп, ащы өксік жан дүниемізгді тынымсыз мазалап жатты.
Шынында қазір тоқтық адамды иманнан алыстатып барады. Кейде заман қиын емес, тоғышарлықтың кепиеті пендені жазалап жатыр ма деп ойланасың. Ысырап ризығыңды кемітетіні, құдайшылықтан алыстатып, тәубе мен шүкірден жұрдай қылып, күпірге итермелейтінін түсінбей жатамыз. Әттең, оның өкініші жүректі сыздататынын қайтерсің? Ешкімге опа бермес жалған дүние-ай. Бір кем өмір-ай десеңші. Осылай жүректі жаралайтыны жаман да...

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
01 ақпан 2020 ж. 826 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам