Бейнетіңнің зейнеті немесе зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін кімдер алады?
«Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер». Мұны бұрын үлкендер жиі айтатын. Кейінгі буын зейнеттің игілігін қазірден-ақ пайдаланғысы келеді. Әрине, қажеттілік үшін. Зейнетақы жинағындағы жылдар бойғы қаржының бір бөлігін жұмсаудан әркім де үмітті. Үмітті болатын себеп те бар.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін мақсатты пайдалануға жұмсауға мүмкіндік жасау жөнінде айтқаны көптің көңілінен шықты. Тіпті, қуанғандар аз болмады. Жолдаудан кейін көпшілік зейнетақы қорындағы қаржысын есептей бастады. Тіпті бұл көп көкейіндегі сұраққа айналды. Шынында да қоғамда «зейнетақы жинағындағы ақшаны кімдер ала алады, көлемі қандай болуы тиіс» деген секілді сан сауалдар аз емес. Әзірге бұл сауалға нақты жауап айтылған жоқ.
Қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент бұл мәселені тағы бір нақтылады. «Біздің мақсатымыз – барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдырмау» деді Мемлекет басшысы.
Президент тапсырмасына сай тиімді жағын есептеуге кіріскен тиісті министрлік әлі нақты шешімді жариялаған жоқ. Дегенмен жақында Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл мәселе бойынша үкіметте арнайы топ жұмыс істегенін хабарлады. Топ жұмысындағы ұсыныстарды да атап айтты. «Бірінші, жұмыс істеп жүрген азаматтар өздерінің жинақталған жарналарынан ең төменгі, жеткілікті шектен асатын сомасын алуына болады. Ал, жеткілікті шек дегеніміз әр азаматтың жинақтаушы зейнетақы қордағы жинағының кем дегенде өмір бойы ең төменгі зейнетақы мөлшерін алуға жеткілікті сома. Екіншісі – зейнет жасына жеткендерге қатысты. Зейнет жасына жеткендер жинақталған сомасының 50 процентін алу үшін де бір шарт бар. Зейнет жасына жеткен азаматтың жинақтаушы зейнетақы қордағы қалған ақшасы және мемлекет тарапынан алатын базалық зейнетақысы мен еңбек зейнетақысын қосқан кезде табысының 40 проценттен төмен болмауы керек» деді министр.
Сондай-ақ министр тарапынан мынадай ақпарат айтылды. Зейнетақы қорындағы қаржының белгілі бір мөлшерін алу үшін 30 жастағы ер азамат кемінде 6,7 млн, әйел адам 9,6 млн теңге жинақтауы тиіс. Қазір мұндай мүмкіндікке зейнетақы қорының 113 мыңға жуық салымшысы ие. Қалғандарының қаржысы жеткіліксіз. Әрине, бұл қабылданған нұсқа емес, талқылау барысындағы айтылған ұсыныстар.
Ең бастысы, зейнетақы қорындағы ақшаның зейнетке шыққан кезде жеткілікті зейнетақы алуға жететіндей болуы басты назарға алу керектігін ел Президенті атап айтты. Демек, қартайғанда зейнетке де жеткілікті қаржы болуға тиіс.
Редакциямызға қоңырау шалатын тұрғындар сауалының басым бөлігі осы мәселе болғандықтан «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалына қоңырау шалдық. Филиал заңгері бұл мәселемен күніне жүздеген адам келетінін жасырмады. Арқа жақтан нақты ақпарат келген күні жариялауға дайын екенін айтты.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА