Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АБАЙ таныған ЛЕРМОНТОВ

АБАЙ таныған ЛЕРМОНТОВ

    Хакім Абайдың аудармасы – қазақ әдебиеті тарихындағы  елеулі қадам. Олай дейтініміз, жазба әдеби бағыттың жаңа сипатқа енуімен қатар келген аударма саласы кейінгі қаламгерлердің бет түзер бағытына айналып, мәдени кеңістікті жаңа арнаға бұруға сеп болды. Терең білім мен үздіксіз машықты игере білген қазақ ақын-жазушылары әлем халқының фольклорын, жанрішілік үрдістерді отандық айналымға енгізуге жол ашты. Сондықтан, Абай шығармашылы сөз болғанда, ақын аудармасы туралы айтпай кету мүмкін емес.
Абай аудармасының негізгі ошағы – орыс әдебиеті, әсіресе, Лермонтов әлемі. Аударма арқылы қос елдің идеялық құндылықтары мен рухани мәдениетін бір арнаға тоғыстыруға дәнекер болып, тың образ, жаңа сөздік қор қалыптастыра білді. Бұрын соңды кезікпеген шығармашылық әдістерді қолданып, қазақ әдеби тілін түрлендіруге, дамытуға күш салды. Өз кезегінде тәржіма саласындағы ізденістер «Абай тілін» қалыптастыруға негіз болды десек, қате емес.
 Шет тілдегі өлеңдерді қазақшалауға аңсары ауған Абайдың Лермонтов поэзиясына деген ықыласы ерекше еді. Ол орыс ақынын жанына жақын тұтып, рухани сырласы, мазмұндас әріптесі есепті қабылдады. Тіпті сол кезеңдегі орыс қоғамының ішкі наразылығын, психологиялық портретін де дөп басып тани білді. Лермонтовтың езгі көрген қауымның көңілін, қарсылығын танытатын өлеңдері Абай үшін өз халқының болмыс-бітімінің айнасына айналды. Сол себепті, ұлы ақын Лермонтов өлеңіне ден қойып, өзгеше үндестік табуға тырысты.
Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Алғашқы аудармасы –М. Ю. Лермонтовтың “ Бородино “ атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ақырғысы – Лермонтовтың “Вадим “ атты ұзақ әңгімесінің желісіне құрылған поэма. Абай 70- 80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрғанымен, тәржімаға лайық көрген ақындар саны шектеулі болды. Көбіне Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін өзінше саралауға, жаңаша түрлендіруге құмартқан ақын аударма болмысын барынша қазақы бояумен толықтыруға бел буды. Абайдың аудармасының негізгі мінез-құлқын аңғарсақ, дені адамгершілік, жаман қасиеттен тежелу, патриоттық сарын немесе терең ойлы шығармалар екенін байқауға болады. Мұнан шығармаларды талғап, талдап аударуға маңыз бергенін аңғару қиын емес.
Абайдың Лермонтов өлеңдерін дәлме-дәл, жуықтас мағынада аударуынан орыс ақынының ой-пікірі мен көзқарасы ақынға етене жақын екені сезіледі. Қазақ арасына кең таратқан Лермонтов шығармалары қатарында « Ой», «Қанжар», «Жартас», «Жалау», «Теректің сыйы», «Күнді уақыт итеріп», «Өзіңе сенбе жас ойшыл», «Асау той, тентек жиын, опыр- топыр», «Тұтқындағы батыр» секілді өлеңдер – қос ақынның шығармашылық толқынысының түйісер тұсы. Абай орыс ақынның өлең-жырларын ғана аударып қойған жоқ, сонымен бірге дастандарын, прозалық шығармаларына да баса көңіл бөлді. Бір айта кетерлігі, Абай орыс өлеңдеріне тән буын, өлшемдік тұрғысындағы қалыпты заңдылықтарды аудармаға қолдана бермейді. Буын саны мен ұйқастың қазақы әуез бен ырғаққа жақын болуын қадағалайды. Сол себепті көптеген тәржіма үлгілері 11 буындық қара өлең үлгісімен жеткізілді. Бұл да болса, ақынның ұлттың әдеби қуатын арттыруға жасаған еңбегі деуге болады. Қорыта айтқанда, Лермонтов шығармалары топырағынан өрбіген Абай аудармасы қазақ әдебиетінің тынысын кеңейіп, заманауи қазақ поэзиясы мен аудармасына оң ықпал жасады.

 «Горные вершины...»
Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы;
Подожди немного –
Отдохнешь и ты!

«Қараңғы түнде тау қалғып...»
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап,
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы…
Сабыр қылсаң азырақ.

«Я не хочу, чтоб свет узнал...»
Я не хочу, чтоб свет узнал
Мою таинственную повесть;
Как я любил, за что страдал,
Тому судья лишь бог да совесть!..
Им сердце в чувствах даст отчет,
У них попросит сожаленья;
И пусть меня накажет тот,
Кто изобрел мои мученья;
Укор невежд, укор людей
Души высокой не печалит;
Пускай шумит волна морей,
Утес гранитный не повалит;
Его чело меж облаков,
Он двух стихий жилец угрюмый
И, кроме бури да громов,
Он никому не вверит думы…
 
«Менің сырым, жігіттер, емес оңай...»
Менің сырым, жігіттер, емес оңай,
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның – арым мен бір-ақ құдай.
Жүрегім екеуіне жалбарынар,
Рақымдық пен әділ сор деп жалынар.
Мен тентек пе, түбінде кім жазалы,
Қайғыны жіберуші өзі сынар.
Надандар былшылдайды, құп алмайды,
Үлкен жанның қиялын ұға алмайды.
Теңізден таудай толқын соқса-дағы,
Жағадағы жартасты жыға алмайды.
Құдай мықты жаратқан үлкен жартас,
Былш-былш еткен, бет бұрып, судан қайтпас.
Бұлтта суық дауыл, жаймен сырлас,
Өзгені жан екен деп сырын айтпас.


Айдар жүргізушісі: Ерсін ШАМШАДИН
11 ақпан 2020 ж. 1 529 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 439 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам