Илья ауырлыққа иілмейді

Осыдан бірер жыл бұрын допинг дауына іліккен жерлесіміз өзіне тиесілі 2008 жылғы Бейжің және 2012 жылғы Лондон жылғы олимпиада ойындарының алтын жүлдесінен айырылып, екі жылға үлкен спорттан шеттетілген болатын. Әрине, IWF тәртіптік комиссиясының шешімі спортшыларға жасалған шынайы қастандық болғаны рас. Қолдағысын тартып алғандай болды. Айтары жоқ. Халықаралық олимпиада комитетінің шешімімен алтындар кері қайтарылса да, олар халқы, мемлекеті үшін нағыз чемпион болып қала бермек. Допинг сынамаларынан кейін бірқатар чемпиондар спорттық мансабын аяқтағанды. Салмағы 400 келіге жуық зілтемірді көтергенмен, қапыда кезіккен қиындықты көтере алмай сағы сынған саңлақтар қанша. Спорттың мінез бен төзімді қатар талап ететінін білесіз. Жаттығу залында түйсігіңді тығырықтан азат ете алмасаң сен нағыз чемпион емессің.

Қыр астында жапон жерінде жалауы желбірейтін жазғы олимпиада. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің басқа додадан бәсі жоғары. Ильинді жарыстан шеттету мерзімі он сегіздің қазанында аяқталған болатын. Демек, біздің толағай Токиоға апарар жолдама үшін күресе алады. Қазақтың тау тұлғалы Толағай бейнесімен даңқы жер жарған саф алтындай сары баласына халықтың құрметі ерекше. Жарақат салмай жаратқан өзі жәрдемдессе екен. Чемпионның жарқын жеңістерін исі қазақ көруге құштар.
Кешелі-бүгін көкжәшіктен Ильиннің сұхбатын көрген боларсыз. Жауап барысында жерлестің жанарындағы жанталасты көрдім. Бұл жеңіс жолындағы күрес. Батырымыз даңқтың дәруменмен келмейтінін дәлелдейтін күн де алыс емес.
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ