Обырдан озбыр дерт бар ма?
Осы бір аты жаман дерт туралы соңғы жылдары жиі еститін болдық. Байқасақ, бұл – әлем елдерін толғандырған түйінді мәселе. Аурудың батпандап кіріп, мысқылдап шығатынын ескерсек, қатерлі дерттің де ағзаға орныққанын әуелден-ақ аңғару қиын. Сондықтан кеселдің кесірі ауыр тиіп жатады. Айтуға ауыз бармайды, дегенмен, еліміз қатерлі ісік ауру дендеген 50 елдің қатарында екен. Оған шалдыққандарды емдеуге жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы қаралады. Қымбат дәрі-дәрмектер әкелінеді. Ал, нәтижесі көңіл көншітпейді. Неге? Себебі бар ма? Адамзат дәуірінің шарықтап дамыған тұсында оны емдеп жазудың амалы табылмағаны ма? Сана да сан сұрақ.
Осы орайда қатерлі обыр дерті туралы мамандардың өзінен сұрағанды жөн көрдік. Бұл жөнінде облыстық онкологиялық орталықтың дәрігер-онкогинекологы, тәжірибелі маман Алма Бапановамен әңгіме өрбіткен едік.
Ісік қалай пайда болады?
Медицина саласында атипиялық клетка деген ұғым бар. Адам ағзасы жалпы өздігінен зат алмасу процесін жасайтын, қалыптасып, дамитын түрлі клеткалардан тұрады емес пе? Осы клетка сыртқы факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырайды. Мәселен, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, темекі, алкагольді жиі тұтыну – олардың бақылаусыз бөлініп, өсіп, тарауына себеп болады. Салдарынан атипиялық клеткалар пайда болады. Ол қан арқылы басқа органдарға тарап, орналаса бастайды. Сөйтіп шоғырланған жерінен қатерлі дерт тудырады.
Ағзадағы «иттен» арылу
Кез келген ауру өздігінен туындамайды. Қатерлі ісік те солай. Жылдар бойы мазалаған түрлі дерттер уақытында ем қабылдамаудың, денсаулыққа атүсті қараудың салдарынан өкінішке әкеледі. Мәселен, өкпеге – бронхит , асқазанға – гастрит, жатырға – эндометрит, бүйрекке – пиелонефрит сынды диагноз қойылады. Көбіміз бұған қалыпты жағдай сияқты қараймыз. Екінің бірінде бар, экология, тамақ дұрыс емес деген сылтау айтамыз. Ал, олардың асқынуы түбінде кеселге шалдықтырады. Сол себепті адам ауруды түбірімен емдегені жөн. Онкология саласының мамандары арасында «обыр үндемейді, метастаз айғайлайды» деген сөз бар. Өкінішке орай науқастардың көбі дерті дендегенде келеді. Қазір онкологиялық орталықта 5 мыңнан аса адам тіркеуде тұр. Олардың ішінде асқазанның қатерлі ісігі басым. Одан кейінгі саты да сүт безі, өңеш, өкпе, жатыр мойны обыры орналасқан.
Қатерлі кесел жасарып барады
Бүгінде бұл жөнінде бүкіл әлем дабыл қағуда. Ғаламдық мәселеге айналған дерттің дауасын табудың жолы зерттелуде. Десе де, оны түбегейлі жою әзірге мүмкін болмай отыр. Бірақ, бұл қатерлі кесел емдеп жазылмайды деген сөз емес. Арамызда онымен күресіп, ауруын жеңген қаншама жандар бар. Мамандар тарапынан тұрғындар өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Себебі, көпшілік жыл сайын өтуі тиіс скринигтік тексеруге де келмейді. Ауру асқынған да сан соғып қалып жатады.
Өкініштісі сол, ауру жасарып барады. Өткен жылы 2000 жылы туған екі келіншекке жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Екеуі де оның асқынған ІІІ-сатысында келді. Тез арада қажетті ем-домын жасап, қауіпті сейілттік. Қазіргі таңда олар орталықта есепте тұрады. Бірі емін толық аяқтап, бақылауға алынса, ендігісі сәуле терапиясын қабылдап жатыр.
Соңғы жылдары онкологиялық ауруды интеграцияланған басқару моделін енгізуде «Жол картасы» әзірленді. Сол бойынша медициналық мекемелерде онкология кабинеті, паллиативтік көмек бөлімдері ашылды. Мамандар шет елде білімі мен біліктілігін арттырды. Қазір барлық аудан мен қаладағы емханаларда тексеру кабинеті ашылған. Оны онкологиялық орталықтың бөлімшесі деуге негіз бар. Емханаға келген науқастардың сол жерде тексеруден өтуі міндетті саналады. Онда мамандар басынан-бақайшағына қатерлі дерт туындатуы мүмкін жараларды, сүт, қолтық асты бездерін басқа да ішкі құрылысты қарайды. Бұл өз кезегінде қатерлі ауруды алдын-ала анықтауға мүмкіндік береді.
***
Обыр дерті 4 сатыға бөлінеді. Оның алғашқы екі сатысы жеңіл, асқынуы ІІІ-IV сатыға жатады. Егер жеңіл түрі анықталса оны емдеп-жазу әлдеқайда тиімді, нәтижелі болады. Негізінен операциялық жолмен немесе сәулелі терапиямен ем жасалады. Жалпы сәулелі терапия 98 процент жағдайда оң нәтиже береді. Сондай-ақ емдеу процесі операциялық, сәулелі, сәулелі-химиялық, химиялық терапия негізінде жүргізіледі. Егер дертке шалдыққан науқас сәулелі терапияны да, операцияны да көтере алмайтын халде болса, оған химиялық жол таңдалады. Ал, мұның ешқайсысынан ем қонбайтын, өте ауыр халдегі жандар тек дәрі-дәрмектің күшіне сүйенеді. Бұл жағдайда аурудан айығуы жайында сөз қозғау артық шығар.
Орталықта тіркеуде тұрған науқастарды 4 клиникалық топ бойынша қабылдаймыз. Мәселен, 2 топтағы науқасты айықтыруға болады. Үшінші топта – дертті жеңгендер, біздің тұрақты бақылауымызда тұрады. Ал, 4 топ ем қонбайтын ауыр науқастар. Оларға паллиативтік бөлімде көмек беріледі. Бұдан бөлек үй жағдайында ем алатындар бар. Оған мобильді жедел-жәрдем қызметі ем-дом жасайды.
Аурудан айығуға мүмкіндік бар
Осындай қиын жағдайға ұшырамас үшін денсаулықты ерте жастан күткен абзалырақ. Бұл физикалық, психикалық тұрғыда өте қиын жағдай. Дертке шалдыққандар диагнозын естігенде есеңгіреп, ауыр қабылдайды. Санасында осымен болды, бітті деген ой тұрады. Ол дұрыс емес. Біз әуелі психологиялық көмек беруге тырысамыз. Адам аурумен күресуі тиіс. Кеселдің ағзаны игеруіне жол бермеу керек. Кез келген аурудан құлан таза айығуға мүмкіндік бар. Тек уақытылы дәрігерге қаралып, нұсқамасын орындау шарт. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстану – әрбір адамның басты қағидасына айналса екен деймін. Дұрыс тамақтанып, темекі, насыбай, ішімдікке әуестенбей, спортты серік етіңіз. Жеміс-жидек, көкөністі жиі тұтыныңыз. Болмашы нәрсеге ашуланып, күйзеліске берілудің де салдары осы жағдайға әкеледі. Сондықтан өмірдің өз қолыңда екенін жіті сезініп, салауаттылыққа бет бұрған дұрыс. Барлық кеселдің алдын алу осындай қарапайым дүниеден басталады.
Түйін сөз: Маманның сөзінше былтыр орталықта мыңнан аса адам осы кеселмен тіркеуге тұрыпты. Көңілді қынжылтқаны, науқастардың 400-ге жуығы өмірмен қош айтысқан. Тағы бір қиыны, қатерлі ісіктің жастар, балалар арасында белең алуы. Бұл да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Құдай қолдап, ауруды ерте кезде анықтағандар жарық дүниенің қызығын көруге мүмкіндік алды. Денсаулықтың қадірін түсінді. Халқымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демеуші ма еді. Ендеше Алла Тағала берген аманатқа қиянат жасамайық.
Әңгімелескен Айдана СЕЙІЛ