Тапқыр сөз таңдай қақтырады

Айтыс шымылдығын астаналық Нұрмат Мансұров пен түркістандық Бекарыс Шойбеков ашты. Көп жылғы тәжірибе мен сөз саптау жүйесі қалыптасқан қос ақыннан кәделі сөз шығарына халық сенімді еді. Үміт ақталып, қос жүйрік ұлы Абайдың ұлағатты жырларына өзіндік түсінік пен мағына бере, ұлттың айбынды дәуірін тарих қойнауынан арши сөйледі. Әсіресе, Алтын Орданың тікелей мұрагері, шаңырақ иесі қазақ ұлты екені көркем дәріптеліп, айтыс көгінде насихат пен мақтаныш үні жаңғырды. Ақын міндеті шындықты жеткізу, өткеннің болмыс-бітімін бүгінгі ұрпақ жадына оралту болса, айтыскерлер бұл міндеттің үдесінен толық шықты деп айтуға негіз бар.
Кейінгі жұпқа көрерменнің ықыласы, қошеметі де ерек екені аңғарылды. Себебі де жоқ емес. Қарсылыстың бірі – ақындық пен жыраулықты қатар ұстаған, Аралдың тумасы Бексұлтан Орынбасаров еді. Сөз додасында жыраулық мақамды сәтті қолданып, айтыс өнеріне жаңашылдық енгізуге талпынып жүрген өнерпаз мектеп қабырғасынан халыққа танылып, бүгінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да білім алуда. Содан болар, Бексұлтанды ағалары елден тапқан байлығымыз деп ерекше көңіл бөліп, қолдау білдіреді. Бұл жолғы қолдау да ерек. Жерлестің әр қайырымына «әу» десіп, қиқу қосқан тыңдарман әрекеті ауылдастың аты озса, іш тарта тілекші болатын қазақ болмысы еске түсті. Қарсылас та өзіне шақ. Тараз шаһарын жырға бөлеп, ақындық қабілетімен талай топта үздік атанған – Дидар Апбасов.

Ала-құла құбылған бұл заманға,
Құнанбайдың тәртібі керек боп тұр, – деп толғанған Бексұлтанның бәсі артық болғанын қазылардың бағасы да растаған.
Келесі болып сахнаға аймақтағы айтулы айтыскер, әрі математик Ержеңіс Әбдиев пен Семейдің азулы ақыны Рүстем Қайыртайұлы шықты. Сыр елінің мәдени өркендеуі мен экономикалық жетістігін жырына арқау еткен ақындар жұртшылықты көңіл биігіне көтеріп, айтыстың мән маңызын аша түсті. Ержеңіс Әбдиев аймақ дамуындағы жүзеге асқан келелі қадамды айта келе:
Ырыстың Сыр еліне қонақтауы,
Күріштің арқасы деп ұғынған жөн, – деу арқылы, шүкірлік пен қанағат бастауын Сыр маржанынан іздеген ұтымды ой айта білді. Рүстем де сөз ауанын ұлттық құндылықтан қарсыластың қарым-қабілет, таным көкжиегіне бағыттап, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жақында ғана «Ержеңістің ерекше есептері» атты кітапты оқырманға таныстырған айтыскерге қарсыласы әзілді есеп ұсынып, өзара шешу жолдарын жырына серік етті. Тапқырлық пен талғам биігін үлгі еткен тартысты бәсеке тыңдарманды ерекше әсерге бөлегені анық.
Кейінгі өнер көрсеткен айтыскерлер құрдас қалжыңы мен қоғам қиындығы, отбасы кикілжіңі мен ұлттық мүдде секілді мәселелерді ұштастыра суреттеп, заман болмысын терең тануға талпынды. Қызылордалық Ержан Әміров пен шымкенттік Біржан Байтуов әзіл-сынға құрылған сөз таласын өлеңмен жеткізіп ел жадында қалса, оралдық Мұрадым Мейірланов бен қарағандылық Дидар Қамиев орысша-қазақша айтыс жасап, доданың тілдік аясын кеңейте түсті.
Қай қатысушы болмасын, өзінің шама-шарқы, таным-түсінігі аясында жақсы айтыс жасауға талпынды. Сөз додасына төрелік жасаған жырау, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеркерей Кәпұлы, ақын Дүйсенбек Аяшұлы секілді өнер майталмандары ұтымды тіркес пен сүбелі сөздің орайымен орнын дәл бағамдап, жүйріктерге жүлдені әділ үлестіруге мән берді. Өнер көрсеткен бес жұп та талай бәйге көрген сақа ақындар. Сондықтан, қазыларға бағалау да оңайға соқпады. Алайда, орамды сөз, өткір тіркесті орынды қолдана білген өнерпаздар өз бағасын еншіледі. Аламан айтыс нәтижесі бойынша, бас жүлдені семейлік Рүстем Қайыртайұлы еншілесе, І орын жерлесіміз Ержеңіс Әбдиевке бұйырды. Ал, жүлделі II орынды Дидар Қамиев иеленсе, III орынды Бекарыс Шойбеков қанжығалады.
Ерсін ШАМШАДИН