Жас еріктілерге қолдау зор
Адамдарға көмек көрсету үшін бай болу міндетті емес, қайырымды болу жеткілікті. Бұл – Қызылорда қаласы жастарының басты ұстанымы. Бойында қайрат мен жігері бар жастық шақта өңір өркендеуіне үлес қосуды мақсат еткен жастардың арнасы бүгінде бір арнаға тоғысқан. QOSYL жастар ресурстық орталығында олар өз идеяларын жүзеге асырады. Орталықтың директоры Сабыржан Кеңшілік жаңа ғимаратқа келгелі игі істерді қолға алды. Атап айтқанда, еріктілер тобы белсенді жұмыс жасап жатыр. Ал, жастарға әркез қолдау зор. Осы мақсатта қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық жастар ресурстық орталығында волонтерлармен кездесті.
Жастар орталығының алаңынан қала әкімін «Жас Сарбаз» Республикалық қоғамдастық әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері күтіп алды. Клубтың облыстық жетекшісі Айдос Қожамұратов АК-74 қаруын бөлшектеп, жинап көрсетті. Облыс көлемінде құрылғанына 1 жылға жуықтаған бұл клубқа қала бойынша 54 мектептен 1500-ге жуық жас сарбаз мүше.
Ғимараттың базасында волейбол, workout алаңы орналасқан. Демек, жастар мұнда спортпен шұғылдануға да мүмкіндік бар. Ал кеңес беру бөлмесінде жұмыссыз жастар түрлі мәселе бойынша кеңес сұрап келеді. Волонтерлік ұйымдардың қызметі жоғары деңгейде екені көзге көрініп тұр.
Шаһар басшысын қалалық жастар ресурстық орталығының бүгінгі жай-күйімен таныстырған Сабыржан Кеңшілік еріктілер өз үлесін қосып жүзеге асқан ізгі шараларды атап өтті.
– Қаламызда қайырымды жан көп. Биылғы еріктілер жылына дейін де түрлі жобалар жүзеге асқан болатын. Бізде мынадай пікір қалыптасқан: «Ерікті жылы болғаннан кейін, бәрі қайырымдылықпен айналысып жүр» деген. Осы уақытқа дейін де жақсы істердің басы-қасында жүрміз. Еріктілер жылында сол жобалар жандана түсті, – деді ол.
Мәселен, «28 ілмек» еріктiлер клубы жас нәрестелер үшін қайырымды іспен айналысып келе жатқанына 5 жылдан асқан. Олар шала туылған нәрестелер үшін таза жүннен киімдер тоқып береді. Тоқыма киімдердің пайдасы көп екені белгілі.
– 2015 жылы құрылған клуб белсенді жұмыс жасауда. Бір топ келіншектер бірігіп дайындайтын киімдердің өнімін өз қаражатымызға сатып аламыз. Киімдерді таза түйенің және қойдың жүнінен тоқимыз. Дайын болған уақытта «Ана мен бала» орталығына тапсырамыз. Осы күнге дейін біз 1500 сәбиді жылы киіммен қамтамасыз еттік. Бұл бағыттағы жұмысымыз әлі де жалғасады. Сондай-ақ алдағы уақытта бізбен бірлесіп жұмыс істейтін ерікті қыз-келіншектердің қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді «28 ілмек» еріктiлер клубының жетекшісі Әйгерім Нұрлан.
Рас, жақсылық пен игілікті іс жасау – үлкен адамгершілікті білдіртеді. Демек, бұл бір реттік шарамен аяқталмауы тиіс. Келесі еріктілер тобы қолған алған «Әлем сізбен әдемі» деп аталатын жобаның негізгі мақсаты – адамдарға тұрақты және жоспарлы түрде көмек көрсету.
– Аталған мақсатқа жету үшін бірнеше жобаны негізге алдық. Біздің жобаларымыз тек келісім арқылы болғандықтан, қаржыны талап етпейді. Жақында «Әлем сізбен әдемі» деп аталатын жоба жүзеге асты. Яғни, сұлулық салон қызметкерлерінің көмегіне жүгіну арқылы арнайы орталықтарда қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз. Осы айда Талсуат оңалту орталығындағы 50 емделушiге қызмет көрсеттік. Одан бөлек, Аналар және қарттар үйлеріне де баруды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ «Озат» деп аталатын да жобамыз арқылы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы оқушыларды тегін оқу жүйесімен қамтамасыз етуді көздейміз, – деді «Қызылорда қайырымды жандар» тобының жетекшісі Әйгерім Әмірхан. Ол қала тұрғындарын қайырымдылық шараларды бірлесіп атқаруға шақырды.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еріктілер тобына өз алғысын білдірді. Алдағы уақытта қаржылай қолдау білдіретінін жеткізді.
– Біреуге қол үшін созу, қолдау көрсету қанымызға сіңген қасиет. Осы мақсатта орталыққа «Qosyl» деген атау беруді жөн көрдік. Біздің қатарға қосылыңыздар дегіміз келеді. Қосылып, бірігіп, жастар жақсы істердің бастаушысы бола білейік, – деді орталықтың директоры Сабыржан Кеңшілік. Сонымен қатар, ол қала әкіміне «Қызылорда қаласы волонтерларының жанашыры» статуэткасын табыстады.
Қала жастары үшін жасақталған орталықта атқарылған шараларға әкім оң бағасын берді. Жасалған қолдауды тиімді және мақсатты пайдаланып, жастарды жетістікке жетуге шақырды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА