Бетперде тігіп, тегін таратып жатыр
«Dalatex» тігін фабрикасы бастады, өзгелер қоштады. Сыр өңірінің халқы қайырымды екендерін тағы бір дәлелдеді. Ел басына күн туған шақта, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халыққа жанашырлық танытты. Мүмкіндігінше көмектерін аямады. Соның бірі – бетперде тігіп, тегін таратып жатыр.
Иә, бетперде тапшылығын облыс халқы сезінді. Дәріханадан таппай сенделген жұрт көп болды. Тіпті бағасы аспандап кетті. Мұны байқаған кәсіпкерлер дереу іске кірісті. Ең алдымен жоғарыда айтып өткендей, облыстың атын шығарып жүрген «Dalatex» тігін фабрикасы қолға алды. Бұл бастама өзгелерге үлгі болды. Жекелеген кәсіпкерлерде қолда тұрған мүмкіндікті пайдаланып бетперде тігуге кірісті.
«Dalatex» фирмасы қаламыздағы дәріханаларға күніге 10 мыңнан аса маска тігуде. Өнімд 130 теңге көлемінде сатылымға шықты. Одан бөлек, әлеуметтік жауапкершілікті де ескеріп, тегін таратуды қолға алған. Мәселен, өткен аптаның сенбісінде халық көп жүретін жерлерде 2000 маска тегін таратылды.
Одан бөлек әлемді дүр сілкіндірген індетке өз үлесін қосуды сотталған азаматтар да қолға алған. Облыстық ҚАЖД-нің мәліметіне сүйенсек, Қызылорда қаласындағы ЗК-169\5 мекемесінде жазасын өтеуші сотталғандар көпреттік пайдаланылатын медициналық бетпердені тігуін бастаған. Қазіргі уақытқа дейін 8 мыңға жуық дана бетперде тігілген. Олар тіккен бетперде сотталғандар мен қызметкерлерге толықтай қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта да басқа мекемелерден тапсырыс қабылдау мақсат етілген.
Бүгінгі жағдайда хал-қадірінше бетперде тігіп, бір-біріне көмектесуде қарапайым тұрғындар да қолға алған. Жеке тігін цехы барлар да қолдан келген мүмкіндікті пайдаланып, қажетінше маска тігіп, жақындарына таратуды мақсат еткен.
Жақсылықтың жаршысы болуды көздеген ағайынды Бакировалар қажет кезде халыққа көмек беруді дер кезінде қолға алды. Қызылорда қаласының әр жерінен бас қосқан 9 ағайынды қыз ақылдаса келе бетперде тігуге кіріседі. Тоғызы тоғыз тігін машинасын іске қосып, әп-сәтте іске кірісті. Бүгінде нәтижесі жаман емес.
Гүлназия Бакирова Сырдария ауданы, Бесарық ауылының №147 орта мектебінде тігінші болып қызмет жасайды. Қазіргі таңда демалыс уақыты болғандықтан бос отырғысы келмеді. Үйінен бетперде тігуді жөн көрді.
– Ел басына осындай қиын іс түскенде, халықпен бірге болып, қолымнан келетін кәсібімді пайдалы іске жұмсауды, көпшілікке жәрдемдесуді мақсат еттім, – дейді ол.
Осылайша, Гүлназия көмекке әпке-сіңілілерін шақырып, барлығы жақсы істің бастамашысы бола білді.
– «Ауру айтып келмейді» демекші, дүние жүзін дүрліктірген індеттің халықты әуре сарсаңға салғанын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта жұқпалы дерттен қорғанатын бетперде дәріханаларда тапшы болып тұр. Өзімізде талай рет дәріханадан таппадық. Сондықтан осы іске белсене кірісті. Өзіміздің қалтамыздан қаражат шығарып, қажетті материалды сатып алдық. Бастысы, ауыл тұрғындарына көмектескіміз келді. Сіңліміз Гүлназия – үйретуші ұстазымыз, – дейді Гүлмария Бакирова.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, берекелі істі қолға алған ағайынды Бакировалар өткен аптаның жұмасында ауыл тұрғындарына өз өнімдерін тегін таратты. Оның ішінде көп балалы отбасы, жалғызбасты ана және мұқтаж жандарға тегін таратып, көптің сауабын алды.
Медициналық бетперде дәкемен қатар мақта-матадан тігіліп жатыр. Бұл маскаларды жуып, үтіктеп, қайта қолдануға болады. Бағасы да қолжетімді. Қазіргідей қиын сәтте қайырымды іс жасап отырған кәсіпкерлер мен тігіншілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қайырымды жандар арамызда әлі де көп екендігі осындай қысылтаяң шақта байқалады.
Бүгінде үйде отырыңыз деп ескерту жасағанмен, жұмыс бабымен сыртта жүргендер кездеседі. Сол үшін бетперде киіп жүру міндетті. Демек, алдағы уақытта аталған өнімге сұраныс арта түсері анық. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, әлемді дүр сілкіндерген індетпен бірге күресуге тиістіміз. Ол үшін, ең абзалы сақтық шараларын міндетті түрде сақтау. Қажет болса үйде отыру.
Айтолқын АЙТЖАНОВА