Әкенің қадірін қашырмайық
Қазіргі уақытта жұмыссыздық белең алып, оның ар жағы үй ішіндегі кикілжіңге, ұрыс-керіске, дау-жанжалдың ушығуына апарып соғуда. Тіпті әйелдер қауымы отбасының қамын бір өзі көтеріп, нәзік иығымен қоғамдық, әлеуметтік қиындықтың ауыр жүгін арқалауға тура келуде. Уақытша жұмыссыздықтың белең алуы ер адамның қадірін қашыруға себеп болып отыр.
Осыдан кейін, отбасындағы ер адамның рөлi қандай? Шаңырақтың тұрақтылығы мен берiк қорғанысының кепiлi – әке өз мiндетiн мүлтiксiз атқарып жүр ме? Осы секілді сұрақтар санаға келеді. Себебі, «Әкең жатыр анау, жұмыссыз, ақшаны да табам, баланы да мен бағам. Әкеңе киімді де әперем» дейтін сөзді кейбір отбасыдан құлағымыз шалып қалатыны шындық.
Бұл пікір қала тірлігіне жат болар. Бірақ ауылдағы әрбір екінші үйдегі азаматтың жұмыссыз жатқаны рас. Өмірдің өзінен байқалып жүрген бұл тіршілік түйткілі әйелдер қауымы бала алдындағы әкенің қадірін қашырып жүрген жоқ па дегенді ойға салады.
Еркекті еркек деп қадірлемеген әйелдің мұндай қасиетін қалай түсінеміз? Әкенің ана алдындағы абыройының жоқтығын көріп өскен бала қандай сезімде болады? Әйелі жанжал шығарып, отағасын күнде орынсыз сөге берсе, баланың ойында әке туралы қандай пікір қалыптасады? Отбасының негізін сақтап қалатын ең асыл құндылықтың бірі – қанағат пен шүкіршілік. Осыны місе тұтпаған, осы құндылықты естен шығарған әйел еркектің тапқан табысын табыс деп есептемейді. Ал, күйкi тiрлiктiң күйбеңi мен күйзелiсiне қазiргi еркеккiндiктi шыдай қоймайды. Сосын ішімдікке салынуға мәжбүр болады.
Ер азаматтың кісілік келбетінің өзгеріп, тіпті ұсақталып кетуі жөнінде ара-тұра дабыл қағылып, дау көтеріліп жүр. Сондықтан «жұмыс жоқ» деп салулы төсекте жататын да қоятын кей бөріктілердің жігерін жандырып, намысын қайрар кез келді.
Бөріктілердің бойындағы азаматтық қасиеттердің азаюының психологиялық себептеріне сүйенсек, көп нәрсе отбасында алған тәрбиеге тікелей байланысты. Мәселен, қазіргі шаңырақтардың көбінде әйелдің үстемдігі көрінеді, кей үйде тіпті отағасыға деген құрмет те жоқ. Мұның себептері сан қилы: еркек не жұмыссыз, не табысы мардымсыз. Қалай десек те, отбасындағы тізгінге ие бола алмай жүрген ер-азамат, өкінішке қарай, аз емес. Ал, үйде осындай «тәрбие» көріп өскен, әкесін адам санамайтын, шешесінің айтқанына ғана құлақ асатын ұлдан ертең жігерлі жігіт, айбынды азамат шығады дегенге қалай сенесіз? Сол үшін де отбасылық тәрбиені қайта қалпына келтіруіміз, әулеттегі әке рөлін, ер-азамат бағасын орнықтыруымыз қажет-ақ.
Отбасылық құндылықты жоғары бағалайтын біздің қоғамда әке мен ананың, баланың қарым-қатынасына қатысты мәселе аса өзекті. Себебі, өскелең ұрпақ тәрбиесінде әкенің ықпалы зор. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ықпалды күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын да – әке. Яғни, ер адамның өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше.
Кейбір отбасындағы әйелдің өктемдігін көріп, өзіңнен өзің қысыласың. Біздің салтқа мүлдем жараспайтын қылық. Ата-бабамыз «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деп ер адамды ерекше бағалаған, құрмет тұтқан. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтаған. Осы қасиеттер бүгінгі әйел қауымының назарына ілігіп, санасына сіңсе, отбасындағы береке-бірлік те нығая түсері анық.
Баланың тәрбиесімен шеше айналысады. Яғни, ананың айтқан сөзі балаға берік қағылған қазықтай әсер етеді. Сондықтан әке туралы қандай пікір қалыптастырам десе де, шешенің қолында. Әрбір ана осыған сақ болуы керек. Бала үшін әке әр уақытта, қандай жағдайда болсын ең сыйлы адам күйінде қалуы қажет. Өмірде уақытша қиындықтар болады. Соған бола әкенің ар-намысына тиетін сөздер айтып, баланың көз алдында жеккөрінішті қылып көрсететін әйелдің әрекеті орынсыз. Қай уақытта ер адамға екі қолға бір күрек табылары анық. Алайда, абыройы кеткен әкенің намысын қайта әкелу қиынға соғады. Сондықтан қандай қиындық болса да ер адамдың рөлін төмендетіп, әкенің қадірін қашырып алмайықшы. Өйткені, әкенің орны қашанда асқар тау болып қала бермек.
Айтолқын АЙТЖАНОВА