Әуе қатынасы – алуан көмек көзі
Төтенше жағдай режиміне байланысты республика көлеміндегі барлық қатынас жолдары тоқтағаны белгілі. Бұл жағдай халықпен етене жақын әуе қатынасына да айтарлықтай қиындық туғызды. Әуежайлар босап, ұшақ қозғалысы мен сала мамандарының жұмысы тұралаған еді.
Алайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті мәлімдемесі халыққа қайта күш сыйлады. Мемлекет басшысы: «Үкімет 1 мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашатын болды. Мұндай шара азаматтармен қатар індетпен күресіп жүрген көптеген мамандардың жұмысы үшін қажет. Барлық қауіпсіздік шараларын мұқият ойластырып, авиациялық және санитарлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу маңызды» деп жағымды жаңалықты жеткізді.
Қазіргі таңда ең жылдам әрі тиімді тасымал түрі әуе қатынасы екені анық. Әуе рейстерінің қайта жұмыс істеуі әсіресе, елдегі экономикалық-мәдени байланысты тұрақтандыруға, төтенше жағдай салдарынан отбасына жете алмаған азаматтарға мүмкіндік болары сөзсіз. Сондықтан, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әуе рейстерін қайта ашу туралы шешімі дер кезінде қабылданған оң қадам деген пікірдемін.
Айтбек Жүнісов