Ажалдан алып қалған қолғап
Жеңіс. Жеңіс күні біздің отбасымызда ылғи да аталып өтеді. Бұл мен ес білгелі солай, солай да бола бермек. Өйткені 9 мамыр – Жеңіс күні, әкеміздің мейрамы, анамыздың қуанышы, бейбітшілік күні. Бала кезімізде әкеміздің туған күні 9 мамыр, шешеміздің туған күні 8 наурыз деп те атап өтетінбіз (өйткені әкеміздің де, шешеміздің де төлқұжаттарында туған күндері көрсетілмеген, оны өздері де білмейді). Ал енді олар дүниеден өткенде бұл күндерді біз еске алу күні, олардың рухына тағызым ету күні ретінде атап өтеміз, бастарына барып құран бағыштаймыз. Тағдыр ма, құдай солай қалады ма әкем 77 жасында дәл сол 9 мамыр күні, ал анам 82 жасында 26 наурызда қайтыс болды. Сондықтан болар, осы күндер жақындаған сайын көңілге сағыныш ұялайды: оның ішінде мұң да, қуаныш та бар. Бұл кісілер маған өмір сыйласа, елімізге, халқымызға бейбітшілік әкелді. Бар күш-жігерімен «Отан үшін» деп еңбек етті, сол жолда терін де, қанын да төкті.
Әкем Мәделхан Әбәсілұлы – ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің және көптеген медальдың иегері, шаруа, ауыл мұрабы, еңбек ардагері. Ол 1907 жылы бұрынғы Бірлестік ауылдық кеңесіне қарасты Майлытоғай ауылында «Бестам» деген жерде дүниеге келген.
Ұлы Отан соғысы басталғанда әкем 34 жаста екен. Бір жылдан кейін, яғни 1942 жылы әскер қатарына алынып, Сталинград майданына аттанды. Одан Днепр бойындағы қанды шайқастарға қатысып, Берлинге дейін барған. 1945 жылы оң қолынан жараланып, госпитальға түсіп, жеңісті сонда қарсы алған. Содан аман-есен елге оралып, 1946 жылы үйленіп, отбасылы болады. Анамыз Нұрхан екеуі 38 жыл отасып, 4 ұл, 3 қыз өсіріп, аман-есен жетілдіреді. 1984 жылы, дәл 9 - мамыр Жеңіс күні 77 жасында дүниеден өтеді.
Ол соғыс туралы, өзінің соғыста көргендері жайлы айтпақ түгілі, теледидардан соғыс туралы киноны да көрсетпейтін. Жарылған бомба, мина, снарядтарды көргенде «тұқымы құрғырды несіне көресіңдер!» - деп ұрысып, сөндіріп тастаушы еді. Бірақ сонда да артынан қалмай сол сұрапыл жылдар туралы естелік айтуын сұрайтынмын. Сонда маған соғыс жайында айтқан бір әңгімесі мынау болатын:
Ұрысқа алғаш енген кезіміз. Командиріміз ұзыннан-ұзақ қазылған окоп ішіне арамыздан бес-алты адым болатындай етіп, орналастырып, сол жерден қашан бұйрық болмайынша қозғалмау керектігін ескертті. Командирдің айтқаны – заң. Оны орындамасаң, әскери трибуналға кетесің. Мезгіл күз болатын. Күздің қара суығы тапжылмастан қозғалмай отырған адамды қалтыратып-ақ барады. Әсіресе тоңып бара жатқан винтовкі ұстаған қолым. Шіркін бір қолғап болар ма еді деп қоямын. Қолымды аузыма апарып, деміммен жылытқан боламын. Бар ойым қазір командир атыңдар деп бұйрық бергенде, қолым мылтықтың шүрікпесін басуға жуыспай қалар ма екен деген қауіп. Бұл ойымнан өзім қуыстанып, жан-жағыма қарасам, менің ойымды дәл тапты ма әлде қолымды үрлеп отырған әрекетімді байқады ма көрші орыс жігіті қолын бұлғап, қолындағы бір пар қолғабын беретіндігін айтып, ымдап шақырып жатыр. Барайын десем, командирдің қозғалмаңдар деген бұйрығы бар, бармайын десем, қолым тоңып барады. Бәрінен де соңғысы күштірек болып тұр. Сол қолғапты кие қалсам, жаным жай табатындай көрінді. Жан-жағыма қарасам, ешкім жоқ тып-тыныш. Командир көрінбейді. Әй, неде болса, көрермін, бір-екі аттасам, орысқа жетем, қолғапты алып кейін тағы аттасам орнымда боламын деп ойладым да, орысқа қарай ұмтылдым. Сол-ақ екен аспан қақ айырылғандай, жер дүр сілкінгендей болды. Не болып, не қойғанын білмей де қалдық. Жер дүние астаң-кестең. Батырға да жан керек дегендей орыс екеуміз ұмыр-жұмыр жата кеттік. Бір уақытта үсті-басымызды қағып-сілкіп қарасақ, ой, алла-ай, дәл жаңағы мен тұрған орынға келіп снаряд жарылыпты. Сәл болғанда күлім көкке ұшып, о дүниелік болады екенмін. Сол кездегі түрімді көрсең, бас салып орысты құшақтай беріппін. Ол да мені туралап келген ажалдан алып қалған қолғаптың сылтауы екенін айтып, мәз-майрам болып жатыр. Өзін Жагормын (Егор) деп таныстырған орыс жігітін сол күнгі шабуылдан кейін-ақ көз жазып қалдым. Қолғабын бермекші болып іздестіріп көріп едім, жараланып госпиталға кеткенін естідім. Содан кейін ол екеуміз қайта жолыққан жоқпыз. Жагордан қалған естелік әрі өмірімнің арашасы болған сол бір пар қолғапты мен үш жыл сақтап жүрдім. Бірақ елге алып келе алмады. Ол менің оң қолымның ортаңғы саусағымен бірге неміс жерінде қалды. Бір кезекті шайқаста жараланып, госпиталға түстім. Санитарлардың айтуынша, оқ тиген ортаңғы саусағым әбден қан сіңген сол қолғаппен бірге шешіліпті. Содан бастан құлақ садақа дегендей, бір саусақты беріп, аман-есен елге келдік, – деп әңгімесін аяқтады.
Енді бірде Днепр өзенін көргендігін, ол жерде соғыстың өте қатты болғанын, екі жақтың да жан беріп, жан алысқанын қинала айтып, сол зұлматтан аман-есен келгеніне құдайға мың есе тәубе қылатын. Өзенге салынған көпірдің кереметтігін, мұндай көпірді өмірінде бірінші рет көргенін, таң-тамаша болып, қайран қалғанын бір өзінше әсермен айтатын. Айтуынша, ол көпірдің биіктігі сондай, қарағанда басыңдағы шәпкең арқаңнан жерге түсетін дейтін. Сол көпірдің үстінде көрші Тартоғай ауылының Нұртаза Қожақұлы деген кісісін көргенін, әңгімелесуге уақыттары болмай, қысылтаяңда амандық-саулықтан басқа ауыздарына сөз түспей, кете барғандарын еске алатын. Сол азан-қазанда бір жақ дөңгелегі түсіп, қисайып қалған арбаны сүйрей алмай не босанып кете алмай, шыңғыра кісінеп тұрған атты көреді. Қанша дегенмен елдің, шаруаның адамы емес пе, әлгі атты аяп, кері бұрылып, арбаның дөңгелегін әрең дегенде жалғыз өзі салып, атты арбасымен аман-есен алып шығады. Сөйтсе, алып келген арбаның үстіндегі бөшке лық толы спирт екен. Содан жұрттың бәрі ішіп бір мәз болысып қалғанын, ал командирі мұның бұл ерлігі үшін әзіл де болса, Ленин орденіне ұсынатындығын айтып, арқасынан қаққанын мақтана айтатын.
Аман Мәделханұлы,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ,
Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры.