Қызылордалық құтқарушылар Мақтарал ауданына көмекке аттанды
Қызылордалық құтқарушылар топан су басқан Мақтарал ауданына құтқару жұмыстарына көмек беруге аттанды. Қызылордалық топ құрамында Төтенше жағдайлар департаментінің 45 қызметкері 7 автокөлік пен 10 су сору мотопомпасы мен 4 моторлы қайықтарымен жолға шықты.
Құтқарушылар су басқан оңтүстік аймақтарға көмек қолын созатын болады. Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы бірнеше елді мекенді Өзбекстаннан келген толассыз ағын су басып қалған. Кез-келген сәтте су басуы мүмкін өзге де ауылдарға көмекке жету үшін барлық аймақтарда күш-құралдардың топтамалары дайындыққа келтірілген. Бұл жағдайдан қызылордалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары да шет қалған жоқ. Құтқарушылар Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов пен ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Нұрсұлтан Ибрагимовтен нақты тапсырма алып, 2020 жылдың 5 мамырында құтқару жұмыстарын атқару үшін жолға аттанды. Жолға шыққан топтың басшысы - Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» бастығының орынбасары Бақыт Ембергенов. Топ Мақтарал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты 558 кг көлемінде гуманитарлық көмек пен күш-құралдарды жеткізетін болады. Оған қоса топтың жүйелі жұмыс жүргізуі үшін 14 тәулікке жететін азық-түлік пен жанар-жағармай қоры бар. Бүгінде Департамент басшылығы су тасқыны қаупі бар аймақтардағы әріптестерімен нақты байланыста. Қызылордалық құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе су тасқынының зардаптарын жоюға және халыққа көмек көрсетуге бағытталған іс-шараларды жүргізетін болады.
Қызылорда облысы ТЖД