Қызылордадағы бірқатар мекемелерде ХҚО-ның қызмет көрсету бұрыштары ашылды
Ел аумағында төтенше жағдай режимі аяқталғанмен де, аймағымызда дерттің таралуы бәсеңдемеуде. Өңіріміздегі карантиндік шектеулерге байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтары 18 мамырдан бастап жаңа форматта өз жұмысын бастайтын болады.
Қағаз түріндегі қызметтер алдын ала брондау арқылы көрсетіледі. Электронды қызметтер, яғни egov.kz порталында қолжетімді онлайн қызметтер көрсетілмейді.
Осыған орай қазір облыс, қала әкімдігінің қолдауымен қаламыздың бірнеше нысандарында egov.kz бұрыштары, яғни өз-өзіне қызмет көрсету секторлары ашылды. Енді тұрғындар онлайн қызметтерді egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы осы жерден ала алады. Алғашқы бір күннің ішінде-ақ қызмет көрсету бұрышының көмегін 100-ден аса тұрғын пайдаланып үлгерді.
«Бұл өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары азаматтардың Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылғанға дейін ыңғайлы қызмет алуы үшін ашылды, олар мұнда электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе мобильдік азаматтар базасында тіркелген жағдайда, түрлі анытамалар мен электронды қызметтерді алады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыстық филиал директоры Айдын Қайруллаев.
Қазіргі таңда қала бойынша бірнеше нысандарда ашылған өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 100-ге жуық кеңес беріліп, 18 тұрғын электронды цифрлы қолтаңба ЭЦҚ алып, 1 жүргізуші куәлігі мен 2 көлік құралы тіркеліп, рәсімделді.
Қызылорда қаласында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары мына мекен-жайларда орналасқан:
1. Қалаға қарасты барлық ауылдық округ әкімдігінің ғимараты;
2. Ә.Тәжібаев атынадғы облыстық кітапхана;
3. Сол жағлауда орналасқан облыстық жастар ресурстық орталығы;
4. «Бақытты отбасы» орталығы;
5. Қаламыздағы автосалондар ғимараты;
6. «Энергосервис» мекемесі;
7. Барлық пәтер иелері кооперативтері ғимараты;
8. Тұрғын үй жинақ банкі ғимараты.