Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Түсік пен түйсік

Түсік пен түйсік

Екі оқиға есімнен кетпейді. Тіпті көз алдыма келеді де тұрады. Ұмыта алмаймын. Шынтуайты сол, ұмытылмайтындай оқиға.
Ширек ғасырда мына қазақ даласында қаншасы өтті, оны бір құдай біледі. Ал, менің білетінім осы екеуі ғана. Оны білгіңіз келсе назарыңызды маған бұрыңыз.
Тығырыққа тіреген тоқсаныншы жылдардың тапшылық кезі. Дүкенде дым жоқ. Тіпті ақшасына. Қап-қап сабан ақша түкке тұрмайды, құны бүгінгі тиын секілді. Ел теңселіп кетті. Нан табу үшін әйелдер базар жағалап, еркек бала бағып, үйде отырып қалды. Көніңіз, көнбеңіз, жағдай солай.
Жанардың университет бітірерде тұрмысқа шығып, ұлды болған кезі тұғын.  Ол еті тірі, қарапайым шаруаның шаңырағында туған, еңбекке ерте араласқан қыз. Сондықтан болар, үйіне алақан жаймай, студент шағынан жұмыс істеді. Ал, отбасылы өмірдің талабы тіптен ауырлатып кетті. Жатақханадан орын тимеді, пәтер іздеуден қолы босамайды. Балалы десе қожайын ат-тонын ала қашады, жолатпайды. Жолдасы Біржан жалдамалы жұмысқа жегіледі, кейде пайда, кейде зиян шегіп келеді. Бұл жұмыстан бас тартса азын-аулақ ақшаға да зар болып қалу қаупі бар. Шегінуге шара жоқ. Бір Жанардың тапқаны нанпұлдан артылмайды. Қаржы қыспақтай бастады. Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледі. Осы қысылтаяңнан қашан және қалай шығарын білмей, дал күйде жүрген Жанардың табан астынан  ойы өзгеріп сала берді. Жегені жүрегін алып, көңіліне күдік ұялады. Қырсыққанда қамыр іриді, аяғы ауыр екен, енді шарадай басы шақшадай болды. Күйеуіне сездірмей түсік жасатқысы келді. Бір-екі рет дәрігерге көрініп еді, ол аборт жасаудан бас тартты. Таныс-тамырдан сұрастырды, естуінше, ақшамен жасырын жасайтындар бар көрінеді. Ендігі үміт сонда.
Ақшаны күреп таппаған соң бәрі бекер ғой, күнделікті тиын-тебен ас-ауқаттан артылар емес. Уақыт зулап жатыр, іштегі бала күн санап жетіліп барады. Уайымнан ұйқы қашты, түн мезетінде айға жалбарынады.
–Жаратқан, жанымды түсінші, мені осынша қинағаннан не ұттың? Күнімді әрең көріп жүргенде мына бала пайда болды. Бұдан құтылуға мүмкіндік берші...
Бірде Жанардың санасына бір түйсік келді: «Бір балаға зар болып қанша әйелдің етегі жасқа толды. Мен неге асылық етемін. Құдай берген екен, бала өз ырзығымен келер» деді де өз байламынан бас тартты.
Тұңғышы ұл еді, оған серік болып екіншісі дүниеге келді. Осылай Бекжанға Нұржан қосылды. Үй кеңіді. Бірақ жағдай оңалып кеткен жоқ. Амалсыздан Алматыдан Ақтөбеге, ауылға көшті. Ата-анасы септесіп, шағын үй салып берді. Екі-үш жыл тұрып, қайтадан Алматыға келді. Бұл жолы қолы аузына жетіп қалған болатын. Бизнесті бастады. Алғашқыда дүкенді жалға алып, саудамен айналысты. Сәтін салса сауданың табысы көл-көсір екен, аз уақытта жағдайын жасап алды. Үй салды, бизнесін кеңейтті. Қазір белгілі тұлғаға айналды.
–Басқа түскен баспақшыл деген рас сөз екен. Бәріне сабырлық керек. Мен балалық жасай жаздадым. Білесіз бе, сол баладан кейін тұрмысым түзелді. Бір қызығы, өз-өзіме келген соң тағы бала таппақ ой болды. Бәрі нәтижесіз, үміт сөнді. Бес рет түсік тастадым. Сол кезде ойландым, құдайдың бергенінен тартынбау керектігін түсіндім. Қазір баяғы балам үйленіп, немере сүйдім. Жалауым да, жарарым да, барым да, бағым да сол бала, – дейді ол.  
Енді екінші оқиғаға келейін.
Әйелді қанша әдемілік пен мейірім иесі деп әспеттесек те кейде жауыздық әрекетке қалай барып қойғанын өзі де сезбей қалады. Мысалы аборт жасату жауыздықтың бір нұсқасы.
Ғалия бізбен қатар қыз. Жиырма бір жасында тұрмысқа шықты. Өте жас та емес, ақыл тоқтатқан уақыты. Тұңғыш төлі – қызды өмірге әкелді. Араға бір жыл салып, екінші мәрте көтерді. Қыстың қақаған тұсында балғын қияр мен қызанаққа жерік болды. Көкөніс табылса ақша жоқ, ақша болса көкөніс табылмайды. Әйтеуір өтпелі кезеңнің өткелі осылай ауыртпалыққа тіреді. Өзі медициналық мекемеде жұмыс істеді. Осы мекемеде медбике құрбысы болды. Сол құрбысына ішкі сырын ақтарады.
–Осы баланы алдырып тастасам қалай болады? –дейді Ғалия.
–Есің дұрыс па? Мүмкін ұл шығар? Қыздан кейін ұл болса қандай жақсы,– деп жұбатты құрбысы.
Десек те Ғалия құрбысына білдірмей бірнеше рет оқталды. Дәрігердің алдына келіп тұрып, аяғы тартпай қалады. Сосын саналы қыз ішкі түйсігін тыңдады. –Тәуекел!
Шынында күткені ұл болды. Бүгінде жиырмадан асқан жігіт. Жоғары білімді азамат. Бір үйдің бас көтерері. Сол Ғалия он жылдай көтермей жүріп, әрең дегенде екі перзент сүйді.
Міне, қай нәрсеге де шыдамдық пен сабырлық керек. Жеңіл ойға жүгініп, аяғында өкінішке ұрынған қаншама қыз жүр. Тәңірдің тартуынан тартынбау қажет, маңдайға жазғанды көрген дұрыс. Бір балаға зар болғандарды көргенде, адам өз-өзіне шүкіршілік етеді екен. Жалпы, түйсік ойдың түйіні, ол арам ниеттен ада, қиянатқа қарсы, осыны ақылға салған алданбайды.
Қ.Құрбан
19 мамыр 2020 ж. 504 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам