«Ана мен баладағы» отбасы мерекесі
Отбасы - отанның тірегі. Халықаралық отбасы күніне орай «Ана мен бала» орталығында мерекелік шара өтті. Нәрестені дүниеге әкелген аналарды салтанатты түрде құттықтап, сыйлықтар табыстады.
Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Ана мен бала денсаулығын қорғау» бөлімінің басшысы Бибізада Әшімқызы: «Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор. Өздеріңіз білесіздер, бала отбасының негізгі мүшесі болып табылады. Елімізде ана мен бала денсаулығы, оларға ерекше қамқорлық көрсету – басты орында. Сол секілді біздің өңірімізде де ана мен бала денсаулығына, демографиялық өсімге ерекше назар аударылған. Аймағымызда туу көрсеткіші де жыл санап жоғарылап келеді. Жыл басынан бері орталықта барлығы 3977 сәби дүниеге келді. Оның 47,3 пайызы ер бала болса, 52,7 пайызы қыз бала. 68 егіз нәресте мен екі үшем дүниеге келді.
Өмірге енді ғана келіп жатқан бөбектеріңіз елге сыйлы азамат болып өсуіне тілектеспін. Балаларыңыз әрдайым көз қуаныштарыңыз болып жүре берсін! Мерейлі отбасылар көбейе берсін!» – деп аналарға жылы лебізін білдірді.
Сексен жылдық тарихы бар перзентхана әрбір анаға қуаныш сыйлап, нәрестенің аман-есен дүниеге келуіне жол ашты. Осы уақыт аралығында 400 мыңға жуық сәби орталықта дүниеге келген. Орталық толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған. Бала туу саны жөнінен біздің облыс республика бойынша алдыңғы қатарда. Мамандар емдеудің озық әдістерін енгізіп ана мен сәби өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге күш салуда.
Жиын соңы «Отбасында сәбиге күтім жасау», «Нәрестелердің дұрыс тамақтандыру», «Отбасында ерте жастағы балаларға күтім жасау» сынды тақырыптағы кеңеске ұласты.
Наргиза НАРТАЙҚЫЗЫ