Қызылордада ЖОО-ның студенттері арасында республикалық олимпиада өтті
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша ЖОО студенттері арасындағы ХII Республикалық пәндік олимпиада өтті.
Аталған пәндік олимпиаданың жабылу салтанатында сөз алған университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова жүлдегерлерді марапаттарымен құттықтады.
«Болашақ педагогикалық мамандарды шығармашылық әрекетке дайындығын қалыптастыру қазіргі кездегі жоғары оқу орындары үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты әрбір болашақ маманның бойында дамыған ғылыми техниканың жетістіктерін меңгере алу жаңашылдық ізденіске ұмтылу сияқты белгілері толығымен қалыптасуы тиіс. Университетте ұйымдастырылған пәндік олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен, жоғарғы оқу орындарының білім алушылары жиналып, бақ сынады. Қатысушылар олимпиада ережесіне сәйкес тапсырмаларды орындап, мүмкіндіктерін көрсете білді» – дейді университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жеңіп алды. 2-орынға Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті лайық деп танылса, 3-орынды С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті және Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қанжығасына байлады.
Сондай-ақ «Ең үздік шығармашылық жоба» номинациясы Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне бұйырса, «Ең үздік таныстыру» номинациясына Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты ие болды. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Ең үздік эссе» номинациясына лайық деп танылды. «Ең үздік панорамалық оқу қызметі» номинациясын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қанжығасына байлады.