Дәрігердің қолы шипа, сөзі ем

Маусым айында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Бұл мерекеде адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының, барлық қызметкерінің ерен еңбегі бағаланатын күн.
Рас, өңірде денсаулық сақтау жүйесі жыл санап қарқынды дамып келеді. Оны төтенше жағдай енгізілгеннен бері де ел танып, білді. Жалпы, біз мереке салтанатында ғана емес, арнаулы бет ашып, денсаулық сақшыларының дертке дауа жұмыстарын қалт жібермей, тұрақты жариялап келеміз. Олай болатыны, мемлекеттің басты байлығы – адам болса, онан кейінгі басты қажеттілік оның денсаулығы.
Кеңес Одағы тұсында 1980 жылғы 1 қазаннан бастап дәстүрге айналған медицина саласы қызметкерлерінің күні қазір Ресей, Қазақстан, Беларус және Украинада әр жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтіп келеді. Біз аталған мереке қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовке жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Жақсылық Әбілқасымұлы, алдымен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Халық денсаулығын жақсарту бағытындағы дәрігерлердің еңбегі жансын!
– Армысыздар! Құттықтауыңызға рахмет!
Иә, өзіңіз айтып өткендей, медицина саласының мамандары халық денсаулығын жақсарту бағытында елге қызмет етіп келеді. Әсіресе, қауіпті індеттің салдарынан мамандарымыз күшейтілген тәртіпте қызметтік міндетін орындауда.
Олар бүгінде бірнеше ай бойы отбасыларынан тысқары болғанына қарамастан, өз денсаулығын қатерге тігіп, дертпен күресуде. Аталған инфекцияға шалдыққандарға шипа іздеген ақ халаттылар қоғам үшін маңызды, әрі абыройлы екені осы сәтте тағы бір мәрте айқындалды десем артық айтқандық емес.
Барша әріптесімді, медицина саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Әрдайым халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді жалғастыра беріңіздер дегім келеді.
– Ел төтенше жағдай талабынан өтті. Қиын-қыстауға қарамастан коронавируспен күресте дәрігерлер аянып қалмады. Ерен еңбекті ел Президенті мен Елбасы елеп, қаржылық, рухани қолдау жасады. Осы қысылтаяң шақ емдеу қызметкерлерін де шыңдаған секілді. Шыдам мен төзімділікке үйретті деп білемін.
– Иә, еліміз төтенше жағдай талабынан өтті. Індет елімізге енген сәттен бастап Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиімді шараны дер кезінде қабылдап, елімізде төтенше жағдай қабылдануына байланысты вирус жұқтырғандар саны өзге елдермен салыстырғанда әжептеуір аз болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы індетпен күресуші мамандарға қаржылай қолдау көрсетуді де тапсырды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі ҚР ДСМ-28/2020 «СОVID-19 короновирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығының негізінде облыс әкімдігінің қаулысымен «СОVID-19» короновирусы инфекциясының профилактикасына және таралуының алдын алуға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерін қаржылық қолдауды ұйымдастыру жөніндегі комиссияның шешімімен аймақтағы індетпен күресуші медицина мамандарына қауіптілік санатына қарай үстемақы берілді.
Коронавируспен күресте алдыңғы шепте алдымен дәрігердің тұрғанын білесіздер. Еліміздегі, аймақтағы дәрігерлер осы ретте өз біліктіліктерін дәлелдеумен қатар, тәжірибе алмасып, өз кәсіби біліктіліктерін шыңдағаны рас. Ал мейірім, шыдам мен төзімділік сынды қасиеттер ақ халаттылардың бойында қай кезде болмасын болуы керек қасиет деп білемін.
– Қай нәрсеге де бір нәрсе түрткі демекші, төтенше жағдайдың талабы емдеу орындарының материалдық-техникалық базасын кеңейтуге, кадрлардың кәсіби шеберлігін арттыруға сұранысты арттырып жіберген жоқ па?
–Жоқ, керісінше мамандарымыз кәсіби біліктіліктерін көрсетті деп айта алар едім. Ал медициналық-техникалық базаларға келетін болсақ, бүгінгі таңда өңіріміздің денсаулық сақтау саласының медициналық-техникалық базасы жарақтандыру бойынша 75,78 процентті құрайды. Аталған көрсеткіштер 2016 жылы 63,76%, 2017 жылы 66,41%, 2018 жылы 70,93%, 2019 жылы 75,22 процентпен қорытындыланды.
2020 жылы бұл үрдіс жалғасын тауып 105 дана медициналық-техника алу жоспарлануда.
– Бүгінгі таңда аймақта дәрігерлердің тапшылығы бар ма? Әсіресе, қай мамандық жетіспейді?
– Облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буынды маман медициналық қызмет көрсетеді.
Облыстың денсаулық сақтау саласында дәрігер мамандар жетіспейді. 2018 жылдың 1 қаңтарына тапшылық 205 дәрігерді, 2019 жылдың 1 қаңтарына 137 дәрігерді, 2020 жылдың 1 қаңтарына 162 дәрігерді құрап отыр. Бұл тенденция бүкіл елімізде байқалады. Соңғы кезде маман тапшылығы, елді мекендермен қатар облыс орталығында орналасқан көпсалалы мамандандырылған медицина ұйымдарында орын алып отыр. Салаға жетіспейтін дәрігерлердің 42,5 проценті осы медицина ұйымдарына тиесілі. Мамандықтар бойынша жіктегенде, негізінен 47 аймақтық дәрігер, 26 анестезиолог-реаниматолог, 8 неонатолог, 8 психиатр, 5 фтизиатр, 5 балалар хирургі жетіспейді.
Облыс әкімінің қолдауымен өңірде маман тапшылығын азайту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен біршама жұмыс атқарылуда. Облыс әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша республикада алдыңғы қатарда екендігін атап өткен жөн.
Қолданыстағы жергілікті мәслихат шешімімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау» қағидаларына өзгерістер енгізіліп, облыс әкімінің гранты 2016 жылдан бастап медицина мамандықтары бойынша 62 резиденттерді даярлауға тағайындалып, қазіргі таңда олардың 8 жоғары медициналық білім беру орындарында оқуын жалғастыруда. Ағымдағы жылы олардың 15-сі бітіріп келеді.
Бұдан бөлек облыс әкімінің тікелей қолдауымен, Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде 2018 жылы 30, 2019 жылы 40 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде аймақтық саланың дәрігерлермен қамтамасыз етілуіне оң септігін тигізетін болады.
2019 жылы облыстың медициналық ұйымдарында 95 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 43-і (4,3 проценті) ауылдық елді-мекендерге жолданып, (2018 жылы 130, 68-і немесе 52,3 проценті елді-мекендерге) жұмыс атқаруда. Жас мамандардың жұмысқа орналасуы 2019 жылы алғашқы рет ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен «enbek.kz» электрондық порталы арқылы жүргізіліп, мамандар өз таңдауын жасады. Бұл өз кезегінде жас мамандардың инфрақұрылымы дамыған республикалық маңызды қалаларда орналасқан Ұлттық орталықтарда, не емханаларда қалуына мүмкіндік беріп, сәйкесінше өңірлерде қызмет етуге ниетті мамандардың үлес салмағының азаюына әкеп соқтырды.
Ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарында жұмысқа қабылданған мамандарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беріліп келеді.
Байқоңыр қаласында 2018 жылдың мамыр айынан бастап ашылған қазақстандық көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер тапшылығы орын алған. Қызылорда облысы әкімінің тапсырмасымен салынған әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған 5 көпқабатты тұрғын үйден 12 пәтер дәрігерлерге бөлінді. Нәтижесінде 9 дәрігер сырттан тартылып, тұрақтанды. Дегенмен, қалада тұратын медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі түбегейлі шешілмеген, жеңілдіктер қарастырылмаған.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде жергілікті атқарушы органдардың құзырына жергілікті бюджет қаражаты есебінен (023 бюджеттік бағдарлама шеңберінде) елді-мекендерге жолданған медицина және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қарастырылған.
Осы орайда дәрігерлер тапшылығын ескере отырып, мәселе облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралып, өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша көтерме жәрдемақы бөлу үшін жергілікті бюджеттен 2020 жылға 25 250,0 мың теңге (бір дәрігерге 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде) қаржы қарастырылды.
Өңірге мамандарды тарту және тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде, саланың білікті кадрларымен қамтамасыз етілуіне ықпал етіп, сәйкесінше халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігі жақсаратын болады.
– Экологиялық аймақ үшін денсаулық сақтау саласының маңызы жоғары. Десекте ауылға жас маманның баруы өте өзекті мәселеге айналды. Соңғы уақытта жоғары оқу орнында медицина маманын даярлау ісі ұзақ уақыт жүргізілуіне сәйкес, бұған көпшілік көне бермеуі мүмкін. Ал, болашақта зейнет жасына жеткендерді алмастыратындай дәрігер қажеттілігі туындап кетпей ме?
– Медицина саласына келіп жатқан жастар көп деп айта аламын. Ал ауылға жастарды көптеп тарту бағытында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыс та, көрсетіліп жатқан көмек те аз емес. Облыс әкімінің қолдауымен өңірде мамандар тапшылығын азайту, ауылдық жерлерге жас мамандарды көптеп тарту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен біршама жұмыс атқарылуда.
Соңғы жылдары әсері тіпті жақсы болды. Осыған байланысты зейнет жасына жеткен медицина қызмкеткерлері жас мамандарға орын беруде.
– Өзіңіз ауданнан бастап сатылап облыстық басқарма басшысына келдіңіз. Тәжірибеңіз жеткілікті. Әрине, барлық жерде дәрігер жауапкершілігі бірдей, бірақ қиыншылығы көп кездесетін ауыл ауыр ма, әлде облыс орталығы ауыр ма?
– Бұл сұраққа жауап берер болсам, жалпы денсаулық саласы асқан жауапкершілікті талап ететін сала десек, дәрігер – сол жауапты арқалаған адам өмірінің арашашысы. Яғни қателесуге жол жоқ. Ал жауаптылық ауыл, қаланы таңдамайды. Себебі оның артында адам өмірі тұрғандықтан, жауапкершілік ортақ.
– Облыстың бас дәрігерінің әріптестеріне тілегі.
– Барша әріптестерімді келе жатқан «Медицина қызметкерлері күні» мерекесімен құттықтаймын!
Әрқайсымыз үшін өзіміздің, туған-туыстарымыздың өмірі мен ден¬саулығынан артық бағалы құндылық жоқ. Осы ретте, бүгінгідей әлемді жайлаған індетпен күресуде мамандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Халық денсаулығын ойлап, күні-түні қызмет етіп жүрген барша әріптестерімнің еңбегіне ризашылығымды білдіремін.
Әрдайым халықтың денсаулығын жақсарту, нығайту жолында тер төге беріңіздер дегім келеді. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым нәтижелі, мерейлеріңіз үстем болсын!
– Сұқбатыңызға рахмет.
Сұқбаттасқан Қаныбек ӘБДУОВ