Жаңа заманның мамандығы қандай?
«Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз» дейді ғұлама Әл-Фараби.
Мектеп түлектері алдында – үлкен мақсат. Ол – таңдаған мамандық иесі атану. Мамандық дегенде бұрынғы мен бүгінгіні салыстыруға келмейді. Бұрынғыдай жалпы жұртқа жаттанды санаулы мамандықтың да ғұмыры ұзақ емес. Тіпті, бір кездері табысты болған мамандық бүгінде ұмыт болған. Бұл – уақыт заңдылығы.
Технократтар дәуірінде қандай мамандық сұранысқа ие? Келешектің мамандығы қандай? Бүгін мамандық таңдайтын жастарға бағыт бере алдық па? Бұл – бүгінгі күннің сауалы. Мамандық таңдауға талаптанған талапкерге таңдау жасауда артық болмас деген мақсатта сұранысқа ие мамандықтар тізіміне сараптама жасап көрдік.
«Guthrie-Jensen» халықаралық компаниясы 2020 жылға нағыз сұранысқа ие мамандықтарға сараптама жасапты. Компания белгілі бір мемлекеттер үшін емес, әлем бойынша сұраныстағы мамандықтар тізімін анықтаған. Компания зерттеуі бойынша 2020 жылдан бастап мына мамандықтар сұранысқа ие: Мәліметтер базасының сарапшысы, медициналық мамандықтар, маркетинг және сауда мамандары, тұтынушылармен жұмыс менеджері, мекемені басқару кеңесшісі, ІТ мамандар, ветеринар, дизайнерлер мен бағдарламашылар, білім саласының мамандары, робототехниктер, биолог-химиктер, аудиторлар мен есепшілер. Сұраныстағы мамандықты зерттеушілер цифрландыру заманында әлі де сұранысқа ие болатын 6 саланы атап көрсеткен. Олар: Медицина, білім, жылжымайтын мүлік саласының мамандары, құрылыс, және өнеркәсіп саласы. Сонымен қатар үй шаруашылығы, оның ішінде үйді сәндеу, отбасылық бюджетті есептеу мамандары да бар. Әрине, отбасы есепшісі мамандығы біз үшін таңсық болғанымен, үй қызметшілері сұранысқа ие болып келеді. Сондай-ақ, қонақ үй, мейрамхана, туризм саласы мен ойын-сауық орталықтарында менеджерлер, қызмет көрсету саласында үй күтушісі, көлік жүргізуші, күзетші, рухани тәлімгер, өнер саласының мамандары сұранысқа ие.
Сарапшылар мәліметіне сүйеніп, бүгінде сұранысқа ие кейбір мамандықтарға тоқталғанды жөн көрдік.
ІТ маман. Еңбек нарығында ІТ саласы мамандары сұранысқа ие екенін сарапшылар пікіріне сүйенбей-ақ күнделікті өмірде байқап жүрміз. Себебі, интернет дүкендер, электронды қызмет саласы қарқынды дамыған тұста ІТ мамандар сұранысқа ие екені сөзсіз. Әсіресе, бағдарламашылар, мобильді қосымшаны өңдеушілер, сарапшылар сұранысқа ие. Әсіресе, әлемді жайлаған індеттен сақтану үшін жарияланған төтенше жағдай цифрлық қызметтің игілігін пайдалану, технологияны игеру қажеттігін байқатты.
Дәрігерлер және медицина қызметкерлері. Сарапшылар атап айтқан мамандықтың бірі – денсаулық саласының қызметкерлері. Пандемия кезінде ақ халаттылардың еңбегі еленіп ел алғысына бөленді. Демек, олардың қай кезде де жұмыссыз қалуы мүмкін еместігі дәлелденді. Медицина саласында инфекционистер, фтизиатрлар, онколог-хиругтар, косметолог-дәрігерлер, гинеколог, эндокринолог мамандары жоғары сұраныста екен.
Сауда менеджері. Бұл да сұраныстағы мамандықтың бірі. Неге десеңіз, бүгінде онлайн сауданың қызған заманы. Бүгінде Қытайда телефон арқылы сауда жасау нарықтың 25 процентін қамтып үлгерген. Ал «Amazon» сайтының бір апталық тауар айналымы бірнеше миллион долларға жеткен. Бұл сәтте сауда менеджері компанияның ұсыныстарын миллиондаған тұтынушығы тез әрі сапалы жеткізуді меңгеруі тиіс. Сауда менеджері онлайн сауданы жүргізу әрі жарнама жасау шеберлігін де меңгеруі тиіс.
Креативті дизайнер. Давос форумында баяндама жасаған сарапшылар пікірінше, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтың бірі. Барлық сала автоматтандырылған жүйеге өтті дегенмен, өнеркәсіп саласында дизайнердің шығармашылығы маңызды. Әсіресе, жаңа гаджеттер шығаруда, тұрмыстық және өнеркәсіп жабдықтары, көлік құрастыру барысында дизайнер көмегі ауадай қажет.
Тренер мен коуч. Әлем бойынша сауалнамаға қатысқан компания жетекшілерінің 65 проценті өзі басқаратын мекемеде қызметкерлерін қайта даярлауға инвестиция салуға қызығушылық танытқан. Сұранысқа сай жаңа мамандықты игеру үшін ескі мамандық иелері тренерлер мен коучтардың курстарына қатысуға ниетті.
Мұғалімдер. Оқу орындарының онлайн білім беруге көшуіне байланысты мұғалім мамандығы өзгеріске ұшырауы бек мүмкін. Себебі, жаңа заман мұғаліміне жаңа технологияны меңгеруі де талап етілуде. Көптеген мектептер, әлемдегі жоғары оқу орындары студенттерге жеке-жеке білім алу бағдарламасын ұсынуда. Алдағы уақытта бұл білім саласында қалыпты жағдайға айналмақ.
Жоғары санатты менеджер. Бизнесте сұранысқа ие мамандық. Бұл санаттағы менеджерлер ірі компанияларды экономикалық өзгерістер кезінде дағдарыстан сақтап қалуда, жаңа технологиямен жабдықтауға шешім қабылдау, қызметкерлерді жаңа мамандыққа бейімдеу мәселесін шешуге қабілетті болуы керек.
Сарапшылар. Давос экономикалық форумында баяндама жасаған экономистердің пікірінше, 2020 жылы өнеркәсіп саласының стратегиялық дамуы үшін сарапшылардың талдауы маңызды. Сауалнамаға қатысқан ірі компания басшылары қазірден аналитикалық зерттеу қорытындысына зәру екенін білдірген. Алдағы уақытта әлемде бизнестің дамуы аналитикалық есепке байланысты деген пікір бар.
Бухгалтер мен аудитор. Қаржы ісін жүргізу қай кезде де маңызды. Бүгінде елімізде бұл екі түрлі мамандық. Ал, халықаралық тәжірибе бойынша аудитор кәсібилігі жоғары бухгалтер деп саналады екен. Қалай болғанда да, екі мамандық та 2020 жылдың сұраныстағы мамандығы тізіміне енген.
Әлемдік жағдайды айта келіп, еліміздегі сұранысқа ие мамандықтар қандай дегенге келсек, 2020-2021 оқу жылына ең көп грант бөлінген мамандықтар мынадай: Алдағы оқу жылына ең көп грант инженерлік мамандықтарға бөлінген. Оның ішінде құрылыс мамандықтары үшін – 2500 грант, электротехника және энергетика мамандықтарына – 1800, тау-кен өндірісі мамандығына 1702 грант бөлінген. Ең көп грант бөлінген мамандықтар арасында екінші орында педагогика мамандығы. «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына 789 грант, шет тілдері мұғалімдері мамандығына 760 грант, химия –740, физика – 730, биология –730 грант. Сондай-ақ 4088 грант жаратылыстану, математика, статистика мамандықтарына бөлінсе, 3815 грант ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығына, 2700 грант денсаулық саласы мамандығына, 1565 грант ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 979 грант іскерлік, басқару, заңгерлік мамандықтарына бөлінген.
Ал, сіз қандай мамандық таңдадыңыз, талапкер?
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА