Облыста оттегі өндіру цехы салынады
Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал белгілі. Вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны күн санап өсіп отыр. Дәріханадағы дәрі тапшылығы жығылғанға жұдырық болғандай. Ауруханаларда қажетті құрылғыларға жетіспеушілік туындауда. Тұрғындардың көңілі күпті. Жақындарына алаңдаған жұрттың базынасы көбейді. Апта басында аталған мәселенің мән-жайын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өзі бағамдап, бірқатар нысандарды аралап, маңызды дегенін ойға түйіп, тиісті шара қабылдады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн баспасөз конференция өткізген облыс әкімі аталған мәселенің оң шешім табатынын жеткізді. Түйінді мәселені тарқатуда жүзеге асатын жұмыстарды саралады.
Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы өңірдегі ахуалға байланысты қазіргі 515 инфекциялық, 1730 провизорлық стационардағы төсек-орынға фтизиопульмонологиялық орталықтан қосымша 120 инфекциялық және Шалқия елдімекенінен 30 провизорлық төсек-орын жабдықталатынын айтты. Бұл екі күн ішінде жүзеге аспақ, қажет жағдайда жеке емханаларды да тарту көзделген. Сонымен бірге науқастарға ең қажеттісі өкпеге жасанды тыныс беру аппараты пен оттегінің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында да бірқатар шара жүзеге аспақ.
– Өндіруші мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуде сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек көпбейінді облыстық аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу қолға алынады. Оған облыс бюджетінен 80 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде аймақ бойынша 76 өкпеге жасанды тыныс беру аппараты бар. Маусым айында тағы 20 прототивті құрылғы алынды. Енді қосымша 63-іне өтінім бердік. Бұл ретте кәсіпкерлердің де қолдауын атап өткен жөн, – деді өңір басшысы.
Соңғы уақытта дәрінің тапшылығы елді қатты алаңдатты. Қарапайым дәрі-дәрмектің болмауы дертіне шипа іздеген жанды әбігерге салғаны рас. Сондықтан аймақ басшысы бұған баса назар аударды. Вирустық инфекцияның өршуі салдарынан дәріханадағы дәрі-дәрмектің 3 айлық қоры 1 аптада сатылған. Дүрлігудің де басты себебі сондықтан. Дегенмен олқылықтың орны толды. Барлық дәріханаға қажетті дәрілер халық сұранысына сәйкес толық жеткізілуде. Ал, «СК-Фармация» мекемесі тарапынан стационарға қажетті 45 күндік қор жасақталған. Сондай-ақ, бағаның ретсіз өсу мәселесі де әкімдік назарында. Баға тұрақтылығын сақтауда облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне тиісті тапсырмалар берілген. Бұған қоса барлық мүдделі мемлекеттік орган және ҮЕҰ өкілдерімен бірлескен мониторингтік топ құрылған. Мұндай арнайы бақылау тобы қала, аудан әкімдері мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жанынан да жасақталған. Олар дәрі бағасының негізсіз өспеуін қатаң қадағалайды.
Көпті толғандырған мәселе төңірегінде облыс әкімі Гүлшара Наушақызы осындай нақты жоспарларды жүзеге асырмақ. Тек аймақ жұртшылығын карантин талабына бағынып, сақтық шарасына жіті мән беруге шақырады.
Айтпақшы, бүгінгі күні жедел-жәрдем орталығына түсетін шақыртулар екі есеге өскен. Сол себепті диспетчер қызметкерлерінің жетіспеушілігі туындап отыр. Бұл да өз кезегінде өзекті мәселеге айналды. Соған сәйкес медицина мамандығын бітірген жас мамандар мен еріктілерді жұмысқа тарту шарасы қабылдануда. Ал, үйден ем алушыларға 50-ден аса дәрігерден құралған мобильді топ бар. Оған қала, аудан әкімдіктерінен арнайы көлік қарастырылып, халыққа уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік жасалған.
Айдана СЕЙІЛ