Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тойханалар жабылды, той тоқтады ма?

Тойханалар жабылды, той тоқтады ма?

Қазіргі таңда індеттің екпіні көпшілікті қатты алаңдатып отыр. Жағдайдың бұлайша өрбуі екі айға жалғасқан  төтенше жағдай аяқталып, жұрттың жүріп-тұруы көбейгеннен болуы мүмкін. Рас, ауру қанша үдесе де аза тұту, той жасау сияқты салт-дәстүрлер қайта жалғасты. Тойханалар жабық болғанымен есік алдына құда күтіп, беташар жасағандар көбейді. Көпшіліктің жиналуы салдарынан қауіпті індеттің таралуы жиіледі. Мұны мойындау қажет. Қарапайым жұрт жауапкершілікті сезінгені жөн. Дәл қазіргі сәт той тойлайтын уақыт емес.
Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» – деп атап айтты Мемлекет басшысы.
Дегенмен, қойылған талап пен айтылған сөзге құлақ түріп жатқандар некен-саяқ. Тойханалар жабылғанмен, есік алдында немесе жалға үй алып дүркіретіп той өткізіп жатқандар жетерлік. Жақында осындай тойдың куәсі болдым. Ауылда дүркіреп той өтті. Көшенің арғы басынан музыканың даусы естіледі. Жастар бейқам. Ысқырып, екі жастың бақытты болуларына тілектерін айтып қуаныштарын жеткізуде. Рас, тойдың болғаны жақсы. Тек қазіргі таңда талап пен тәртіп бойынша. Себебі, адамдардың бір жерге көп болып шоғырлануынан қауіпті індет тез тарады. Бүгінде үдеп барады. Оған көзіміз жетіп отыр. Ал той тойлағанымыз қалай. Осы орайда, әрбір іске жеке адам жауапкершілік танытуы қажет деген ой келеді. Өз денсаулығымыз өз қолымызда.
ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша отбасылық, естелік іс-шараларын оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Мәселен, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар және ас беруді уақытша тоқтату талап етілді. Алайда бүгінде қазақы әдетімізге салынып, ша­қырған жерлерге қалмай барудамыз. Бұл дегеніміз – талапты бұзғаныңыз. Қаулы күшіне енгенмен, оны орындау өз деңгейінде болмай тұр. Осы мәселеге келгенде қалалық мәслихат депутаты Нұржан Ахатов «Әрбір адам өзі жауапкершілік танытуы қажет» дегенді айтады.
– Коронавирус індеті бүгінде өршіп кетті. Індеттің алғашқы толқынында төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілсе де, біз бұл вирустың алдын ала алмадық. Оған азаматтарымыздың бейқамдығы да кесірін тигізіп жатыр. Шынын айтқанда, осындай қысылтаяң шақта халықтың той-томалақ жасап, құда күтіп жатқаны таңқалдырады. Әлі вакцинасы табылмаған, бүкіл жер жүзін әбігерге салып қойған індеттің кезінде бейқамдық жараспайды. Оның соңы өз өміріңе қауіп төндіреді. Бұдан бөлек, мұндай індеттің бар екеніне сенбейтіндер де көп. Осындай жауапкершілікті сезінбеудің соңы адамдардың жаппай ауруына, ауруханаларда орындардың болмауына, індеттің кең тарап кетуіне себеп болып отыр. Сондықтан әрбір тұрғын өзінің ден­саулығына, жақындарының амандығына, айналасының індетке ұшыра­мауына, дерт­ті жұқтырмауына көңіл бөліп, асқан жауап­кершілік танытуы қажет, – дейді ол.
Иә, елдегі ахуалға байланысты қандай маңызды себеп болса да, көп қонақ шақырылатын шараларды тоқтатуды – жауап­кершілік деп ұғу қажет. Бір күнгі қуаныш үшін көптің өміріне қауіп төндірмеген жөн. Қазақ – тойшыл қауым. Тойдың болуына қарсы тыйымды көпшілігі дұрыс қабылдамай жүр. Дегенмен, сақтықта қор­лық жоқ. Осы қауіпті індет кезінде талап пен тәртіпті қолға алсақ, әлі талай тойларды тойлайтынымыз анық. Тек, қазіргі уақыт той қуалайтын кезең емес. Осыны ұғынайық...
Айтолқын АЙТЖАНОВА
08 шілде 2020 ж. 558 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам