Оқуға құжат онлайн қабылданады
Еліміздегі күрделі ахуалға байланысты мектеп оқушылары оқуды қашықтан жалғастырғаны белгілі. Тіпті, биылғы түлектер үшін соңғы қоңырау онлайн түрде соғылды. Қазіргі таңда індет өрши түсті. 5 шілдеден бастап республика бойынша тағы да карантин шаралары енгізілді.
Азаматтардың денсаулығы бірінші орында. Сондықтан қауіпсіздікті сақтап, тәртіпке бағынған дұрыс. Бүгінде өрендерді 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары қарқынды жүруде. Құжат қабылдау жұмыстары тамыздың біріне дейін жалғасады. Ата-ананың көпшілігі мектеп таңдап, баласын үздік деген оқу ошағына тіркеу мақсатында жүгіріп жүр. Осы уақытқа дейін аймақ бойынша тұрғындардан 10 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Алдағы уақытта балаңызды мектепке қабылдау үшін құжаттарды онлайн тапсыруға болады. Айта кеткен жөн, 1 сыныпқа қабылдау барысында 5 құжат талап етіледі. Атап айтсақ: ата-ананың немесе заңды өкілдерінен өтініші баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 есеп нысаны, №063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама, 3х4 көлеміндегі сурет – екі дана. Індеттің өршіп тұрған кезінде емханаларда кезектің көптігі және адамдардың шектен тыс жиналуы вирусты таратуға себеп болуы мүмкін. Яғни, баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтаманы алуда қиындықтар туындайтын белгілі. Осыған орай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық құжаттарды уақытша тапсырмауға рұқсат етілген. Ата-аналар еш алаңдамай медициналық анықтамаларды оқу жылы басталғанға дейін мүмкіндік болған кезде тапсыруға болады.
– Қазіргі таңда 1-сыныпқа мектепке қабылдауға тіркелген балалар саны 10178 құрап отыр. Оның ішінде e-gov порталы арқылы – 1107, қолма-қол қағаз түрінде – 9071 бала тіркеліп отыр. Бұл жұмыстар тамызға дейін жалғасатындықтан күн сайын ақпарат жаңарып отырады. Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау онлайн режимінде «Электрондық үкімет» Egov.kz порталы арқылы және қағаз түрінде қолма-қол жүзеге асырылады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.
Биылғы студенттер үшін де жаңа оқу жылы ерекше басталмақ. Себебі, олар да құжатты және емтиханды онлайн тапсыра алады. Мәселен, талапкерлерден оқуға құжаттар қабылдау E-GOV және оқу орындарының «CollegeSmart Nation», «Platonus», «Е-колледж» электронды платформалары арқылы өткізіледі. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда оқуға қабылдаудың ерекшелігі мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсушілер үшін білім алушылар құрамына қабылдау конкурсы білім туралы құжатқа сәйкес орташа конкурстық балл бойынша өткізіледі. Сондай-ақ, мамандықтар бойынша құжат қабылдау мерзімдерін айтып өтсек, орта арнаулы буын 25 тамыз, кәсіптік-техникалық мамандықтарға 27 тамызға дейін. Ал шығармашылық мамандықтар 20 маусым мен 20 шілде аралығында жүзеге асырылады.
– Педагогикалық, медициналық мамандықтарға, арнайы немесе шығармашылық дайындықты талап ететін (21-28 шілде аралығында) мамандықтарға түсуші тұлғалар шығармашылық емтихан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды немесе мамандық бойынша талапкердің портфолиосын (қағаз немесе электрондық түрде) қолдану арқылы тапсырады. Емтиханды онлайн режимінде тапсыру мүмкіндігі болмаған жағдайда, талапкерлер білім беру ұйымына шығармашылық тапсырманы орындаумен бейне жазба жібереді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ