Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Аңсатса Сыр өңірі ән тербер жүрегімді...

Аңсатса Сыр өңірі ән тербер жүрегімді...

Қазақ халқының шұғылалы аспанында қалықтаған әрбір әннің өмірге келу тарихы әртүрлі. Ел  жүрегіне жол тапқан осы бір өміршең әуенге елтімейтін, оны қосыла шырқамайтын қазақ кемде-кем шығар.  «Сыр сұлуы» дегенде көз алдыңа Сыр бойының ару қызы елестеп, көрікті әуен күмбірі мен ән мәтініне терең бойлайсың. «Жанға жайлы ырғағы самалдай ескен әннің жазылуына, ақын қиялының қалықтауына  не себеп болды екен?»деген ой көпшілікті жиі мазалайды. Иә, вальс королі Шәмшінің шабыт әлемін тербетіп, көзайым болған әннің қай-қайсысы да елдің көңілін елең еткізіп, сезім пернесін дөп басатыны жасырын емес. Соның ішіндегі шоқтығы биігі – «Сыр сұлуы» әні. Осы бір әннің шығуына куәгер болған мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровтың жұбайы Рәш Ембергенқызы өз естелігінде осы жайлы тебірене сыр шертіпті.
Елу жылдан астам уақыттан соң айтылған әңгіме шынында өзіне адамды тарта түседі.
1964 жылдың наурыз айы болатын. Көгілдір көктемнің басы. Сыр елін ақ күріштің аймағына айналдыру жобасының қызу қолға алынып тұрған шағы. Облыс басшылығы болса барлық идеологиялық тәрбие жұмысының ықпалы мен күшін еңбекшілер рухын шыңдауға арнап жатты. Дала академигі атанған Ыбырай Жақаев атамыз да жұмысшы жастарға ашық хат жазды. Көп ұзамай жақаевшы жастар қозғалысы, жас күрішшілер гвардиясы ұйымдасып, бағалы бастама көтерді. Сол кезде «Жақаевшылар маршы», «Ақ күріш туралы ән», «Қырманда» секілді жаңа әндер дүниеге келді. Күріш даңқын күллі республикаға танытатын әдемі туын­ды жазуға сұраныс артты. Осылайша, сол кезде танымал бола бастаған жас композитор Шәмші Қалдаяқов облысқа шақырылыпты. Оны қарсы алуға «Ленин жолы» газетінің редакторы Ұзақ Бағаев, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосовқа және менің жұбайым Дәкеңе жүктелген болатын. Мен бәрінің хабарын біліп, әркез қолдау білдіріп отырдым. Дәкең маған елге әйгілі жанды қалай қарсы алғанын кейін бүге-шүгесіне дейін тәтпіштеп айтып берді. Өзінің естелігінде ол сол шуақты сәтті бы­лайша баяндаған болатын. «Перронда тұрмыз. Ерте көктемнің сызды ауасы бетке шым-шым батады. Оның үстіне көк жүзін түбіт бұлттар шарбыдай қаптап алған. «Алматы-Мәскеу» поезы күндегі кестесінен әжептәуір кешікті. Ұзекең де биязы қалпында «Ғашығын күткен ынты­зар жігіттей болдық-ау» деп әзілдей бастады. Дәл осы кезде «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Жолаушы азаматтар №7 «Алматы-Мәскеу» поезы станцияға жа­қындап келеді. Поезд бірінші жолға қабылданады» деген диктор қыздың дауы­сы саңқылдап кетті.  Әне-міне дегенше жолаушылар поезы жедел жүрісін тежеп, вокзалға келіп тоқтады. Орта бойлы, ақ­сары жұқа өңді қағылез жігіт басқышқа аяқ сала берді. Қасында жас ақын Мұхтар Шаханов бар. «Міне, күткен қонағымыз келді» деп Ұзекең қашанғы жайраң қаққан жүзімен күле қарап, Шәмшіні маған иегі­мен нұсқады. Қауқылдасып тұрып-ақ та­ныстық басталып кетті. Ол кісіні жеңіл көлікпен қонақ үйге апарған едік. Алайда, Шәкең қонақүйді қаламайтынын ашық айтты. Осылайша, «біздің қара шаңыраққа қазақтың Шәмшісі қонақ болып келді» деп менің жұбайым мәз-мәйрам болып, шаттанған болатын. Шәмшімен бірге шалқыған ән де өмірге келетінін шынында мен сезбеппін. Дәкең балаша қуанып маған «Шәмші жеңіл көшпейтін, асып-таспайтын, биязы да, бір сазды сөйлейтін, үні ұяң, жүзі жылы, ал көкейіне келгенін ірікпей, боямай, бүкпей тіке айта салатын баладай ақкөңіл, аңғал жан екен» деп риза көңілін жеткізді. Шайдан соң үзілісте шабыты оянған болу керек, төрдегі күйсандық жанына отырды. Оның тетігін басып, үзік-үзік әуендер шығарды. Кешкі тамақтан соң ол «Болашақ әннің әлдеқандай нобайын түсірген болдым» деп шаршаңқы кейіп танытты. Бірақ Шәкең палауды сүйсініп же­генмен, оның қайда, қалай өсетінін, өс­кенде қандай кейіпте болатынын көрмеген болып шықты. Ал мезгіл болса наурыз айы. Сабақты күрішті табу да оңай емес. Содан Асқар Тоқмағамбетовтің «Біздің елде күріш деген дақыл бар» деген өлең оқылды. Күріш жайлы ән жазу үшін қалайда Сырдың ақ маржанын оған танытуға мұндағы азаматтар барынша күш салып жатыр.
Суда өніп, суда тұрып пісетін,
Су тазасын тынбай сүзіп ішетін.
Біздің елде күріш деген дақыл бар,
Соны жырлап, соны айтыңдар ақын­дар, – деген жолдар күріштің сипатын беретін секілді. Енді композитордың ар­мандаған күрішін көрсетудің жолын тап­пай дағдарған көпшілікке Шәмшінің өзі керемет ой тастапты. «Ауыл шаруа­шылығы көрмесінде болмай ма?» дегенде Сырдарияның Жамбылы еске түсіп, шешімі табылғандай болады. Осылайша, бір топ ел ағалары Шәмші Қалдаяқовты ертіп сол ауылдан бір-ақ шығады. Жергілікті ком­позитор Арыстан Айтбаевтың, жас ақын Сақтаған Есмахановтың жамбылдық жеті қызға арнаған «Аққуымыз ауылдың» әні­нің мәтіні де көрсетіледі. «Енді әнге кейіпкер болған қыздарды көзбен көріп, олардың лебізін тыңдасам, әнге арқау, тілге тиек ауыл аққуларымен ди­дарласудың өзі ғанибет қой» деп ол ишара білдіреді. Шәмші келеді дегенді естіген ауыл аймақ, бота-тайлағымен клуб үйіне жиналып, талантты жанды көріп, онымен дидарласуға асығады. Дарыны даладай дархан жанмен қауышу оның әнін құрметтеген көрерменге тосын сый болды. Алдын-ала жоспарланбаған кездесу кешін басқарып, дүйім елді Шәмші бейнесімен табыстырып, жарастыру, яғни басқосуды тізгіндеу сол кезде облыстық партия комитетінің жауапты қызметіндегі ме­нің жолдасым Дәукеңе жүктелді. Ол Шәм­шінің өз қалауы болатын. Сан сиқы­рымен дүйім жұртты баурап алатын әндер орындалып, еркін тыныстайтын керемет басқосуға куә болдық депті өз естелігінде Рәш апай.
Ал Шәмшіге күрішші қыздардың өз­дері де, орындаған әндері де қатты ұнаған екен. Ұнағаны сол игілікті іс басына жү­рек әмірімен келгендігі, олардың жүзінен де, жырынан да жасындай жалын атып тұр­ғандығы. Болашақ әнінің тақырыбы кү­ріш болғанымен, махаббат лирикасына айналып кеткендігі де сондықтан болар. Керемет кештен кейін жүзі жадырап, нұрланып шыға келді де «Ал ойға негіз табылды. Әннің ауылы алыс емес сияқты. Енді бір-ақ мәселе. Ол жақсы әнге жан тебірентер жақсы мәтін табу. Кәне, сол мәтінді жазатын ақынды ізделік» деді жалт бұрылып, отты жанары ұшқын атып. «Сырдың елі – жырдың елі» деп Асекең айтқандай, бұл өңірде сіздің бір әніңізге мәтін жазатын ақын табылар» деп арқасы қозып ел ағалары бір серпіліп қалды. Тағы да Шәмшінің өзі ұсыныс тастады. «Тың ән шығарады екенбіз, оның ақыны да, жыры да, үні де тың болуға тиіс. Зейнолла Шүкіров осында ма? Бұл әннің мәтінін жазуды сол кісіден өтінсек қайтеді?» деді ол сәл үнсіздіктен соң. Осылайша, енді келесі сапардың сәті ақиық ақын Зәкеңнің отбасына сәлем беруден басталыпты. Жолдасым сонау жылдарға сағынышпен оралып, әңгімесін одан әрі сабақтады. Осылайша, ылғи игі жақсылар Шәкеңді алдыға салып, Зейнолла ағаның үйін бетке алыпты. Кірген бетте өндірдей ақсары қыз ішке енуге ишара білдіріпті. Алдымыздан күмістей ақ шашты, аққұба жұқа өңді, шағын денелі қария көрінді. Сәлем бере Зәкеңнің бөлмесіне кірдік. Терезеге тақау қос жастықты кеудеге басып, тоят алған тұйғындай, бет-жүзі бал-бұл жанып біз­дің сүйікті ағамыз, ақын Зәкең жатыр екен. Амандасып, хал сұрасып, біраз шұр­қырасып отырғаннан кейін Шәмші жаратылған жүйріктей домбыраны қолға алып,  әндерін өзіне тән қоңыр дауыспен орындап берді. «Ал, Зәке ауылдың алты ауызын айтыңыз» деп Шәмші ақынға домбыраны ұсынғаны сондай керемет бол­ды. Біз сол кезде тарихи сәтті тамашалап тұрғанымыздан бейхабар болыппыз-ау дейді Дәкең ойға батып.  Әрі қарай дауысы мың құбылып тебіренген ол өзіне тән қоңыр үнімен үзікті әңгімені әрі жалғады. Зейнолла ағамыз да шиыршық атып, көкірегін күмбірлеген шабыт кернеп-ақ тұр екен. Заулай жөнелді. «Неге жаным шығарып сала алмадың?» әнін төгілте шырқады. Бір ғажабы бұл туындының әуені де, мәтіні де Зәкеңдікі екен. Әнге елітіп, тебіреніп отырған Шәмші келген шаруасын айтты. «Зәке, Сыр елінде күріш­шілер гвардиясының көшін жас қыздар тобы бастап келеді екен. Мұның өзі маған қатты әсер етті, тебірентті» деді ақынға қанатты ой салып.
«Шәке, мәтіннің тақырыбын да өзің тауып бердің-ау. Ендеше, дүниеге келетін жаңа әннің аты «Сыр сұлуы» болсын» деді жүзі жадырай түсіп. Міне, таланттар толғанысы тоғысқан сол жылы Сыр елінде атақты «Сыр сұлуы» әні осылай дүниеге келген болатын. Бағы мен бабы қатар шапқан ән әлі күнге қалың көрерменін тамсандырып жүр. «Сағындырған әндер-ай» деген концерттік бағдарламада осы керемет әнді Жанболат пен Жазира және жерлесіміз Жеңіс Ысқақова да өз репертуарында жиі орындап жүр. Жұлдыздар «Аңсатса Сыр өңірі ән тербер жүрегімді» деп шырқаған сайын Шәмші мен Зейнолладай қос саңлақтың рухы асқақтап, муза әлемінде тербеле беретіндей көрінеді маған. Осыдан соң өнердің құдыреті мен киесіне қалай табынбассың. Ал әсем ән болса Сыр бойының сән-сал­танатын паш етіп, мәңгілікке жеткізер өміршең дүние болуымен құнды. Оның бойында домбыраның қос ішегіндей рух биігінде үндескен қос таланттың жүрек лүпілі мен ыстық алақан жылуы бар. Жасай бер, ән падишасы!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
25 шілде 2020 ж. 492 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам