Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов: Індетті тоқтатудың бір ғана жолы бар...

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов: Індетті тоқтатудың бір ғана жолы бар...

Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов арнайы іс-сапармен Сыр еліне келді. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын қадағалау мақсатында келген ол облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәжілісте індетке қарсы күрес бойынша біршама мәселелерді пысықтады.

Дертке дауа, жанға ауа
Жиын барысында «СК-Фармация» басшысына өңірдің медициналық мекемелерінің дәрі-дәрмек­пен бір айлық қоры көлемінде қамтамасыз етілуін тапсырды. Сондай-ақ, алдағы бір апта ішінде об­лысқа тағы да қосымша өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілмек. Одан бөлек, 26 шілде күні қажетті 200 оттегі концентраторы әкелінеді деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жалпы облыс қажеттілігін толықтай қамтымақ.
Сөз арасында Премьер-Министр орынбасары коронавирус індетінің одан әрі таралмауы және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жергілікті халықтың санитарлық нормаларды қатаң сақтауына тікелей байланысты екенін алға тартты.
– Күні кеше облыстың кей аудандарында той мен жиындар өткен. Дәрі-дәрмекпен, қажетті меди­циналық көмекпен мемлекет сөзсіз қамтамасыз етуде. Алайда, індеттің таралмауына мемлекеттің ғана емес, халықтың жауапкершілігіне де бай­ланысты, – деді ол.

Дәрі тапшылығы азайды
Ералы Тоғжанов іс-сапар барысында әрі қарай облыстық жедел медициналық көмек стансасы мен облыстық көпсалалы емханадағы жағдаймен танысып, дәріханалардың дәрі-дәрмекпен қамтылу деңгейін қадағалады.
Айта кетейік, қазіргі таңда қала бойынша 178 дәріхана фармацевтикалық қызметпен айна­лысады. Бүгінде індеттің таралмауына қажетті дәрі-дәр­мектердің уақытылы жетуі және бағасының негіз­сіз көтерілмеуін арнайы мониторингтік топ бақылауда ұстап отыр. Бүгінгі күнге дейін мониторингтік топ қаладағы 9 емхана мен «СК-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайғаны байқалған. Вирусқа қарсы ыстықты түсіретін, қызуды басатын қажетті дәрі-дәрімек қоры жет­кілікті көлемде беріліп, күн сайын жаңартылып отыр. Мәселен, бұған дейін халық тарапынан үнемі сұраныста боп келген «Эуффелин», «С» витамині, «Сумамед», «Ципролет», «В» витаминдер кешені «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло» сынды дәрілік заттарының жетіспеушілік деңгейі төмендеген. Қазіргі таңда «Зерде» ЖШС-нің Қызылорда қаласында 3 дәріханасы бар. Бұған дейін облыс орталығында «Зерде» ЖШС-нің бір ғана дәріханасы халыққа қызмет көрсетіп келсе, енді олардың қатары маусым айында 2 дәріханамен толықты. Бұл өз кезегінде соңғы кезде қалыптасқан дәрілік тапшылықты жоюға, дәріханаларда қалып­тасқан кезекті болдырмауға жол ашып отыр. Мұндай келелі өзгеріске облыс әкімінің дәрі­ханаларға қажетті қорды қалыптастыру үшін дистрибюторлармен өзара келісімді жолға қою туралы тапсырмасы да оң ықпал етуде. Соның әсерінен аймақтағы дәріханалар желісіне халық қажеттіліктеріне қарай дәрілік препараттар ұдайы әрі дер кезінде жеткізілді.

Көпбейінді аурухана электронды құжат айналымына көшті
Індетпен бетпе-бет келіп, науқастарды емдеп жазуда талмай қызмет етіп жүрген көпбейінді об­лыстық аурухананың қызметкерлері үйлеріне қайтпай, облыстық ардагерлер үйінде оқшаулануда. Бүгінде онда барлығы 1335 қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде 200 дәрігер, 574 орта буын, 326 кіші медицина қызметкері және 235 басқа да маман бар. Қазіргі таңда ауруханада 17 өкпені жасанды желдету аппараты, 300 оттегі баллоны, 6 оттегі концентраторы халық игілігі үшін жұмыс жасап тұр. Мамандардың айтуынша, мұнда қазір бір тәу­лікте 60 оттегі баллонын пайдалану қажеттілігі туындап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары көпбейінді облыстық ауруханасының мекеме жұмысымен танысу барысында сөз болды. Бір айта кетерлігі, аурухана бүгінде толық электронды құжат айналымына көшірілген. Сондай-ақ, 30 төсек орындық инфекциялық стационар, 70 фильтр бөлмесі науқастардың жоғары деңгейде ем алуына жұмыс жасауда. Бүгінгі күні стационарда 7, фильтр бөлмелерінде 38 адам ем қабылдауда.

Жедел-жәрдем – жанқияр еңбектің жемісі
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыстық жедел-жәрдем станциясының жұ­мысымен танысу барысында аймақтағы жедел-жәр­дем жұмысында мобильді қызметті іске асырудың нәтижесінде шақыртулардың төмен­дегенінен хабар­дар болды. 
Айта кетейік, аймақтағы эпидемиологиялық ахуал күрделі кезде жедел-жәрдем шақыртулары тәулігіне 2500-ден асып, жүктеме 2 есеге артқан. Дегенмен, қазіргі таңда ахуалдың тұрақталуына байла­нысты бұл көрсеткіш 52,7 процентке дейін азайғандығы анықталған. Оның ішінде тыныс алу жолдарының аурулары 74, жедел респираторлық вирусты инфекция жағдайлары 82,5, пневмония жағдайлары 60 процентке төмендеген.
Сондай-ақ, вице-премьер жедел-жәрдем стан­са­сы­ның оперативті іс-қимыл жұмысын және ша­қыртуларды қабылдайтын диспетчерлік бөлім­дегі Сall орталықтың жұмыс процесін бақылады. Мамандардың айтуынша, әрбір түскен қоңырауларға жауапты диспетчер күніне 150 қоңырау қабылдап келген. Бүгінде вирус індеті басылған кезде шұғыл қоңыраулар азайған. Жедел-жәрдем қызметінің науқастарға уақытылы жетуін іске асыруда жеңіл және орташа дәрежедегі науқастарға емханалар жаны­нан құрылған мобильді топтар көмек бөруде. Бүгін­де облыс бойынша 161 мобильді бригада жұмыс жүргізуде.
Сапар барысында медицина нысандарын тың­ғылықты аралап, олардың жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан Ералы Тоғжанов індетті тоқтатудың бір ғана жолы екіжақты жауапкершілікті салмақтай түсетінін жеткізді.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ
25 шілде 2020 ж. 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам