«Antikor ortalygy» алаңында мамандар онлайн эфирге шығады
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ардақ Ерсейтов, агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Ниязов, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Жандос Тұсмағанбетов және арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Ләззат Бақтыбаева бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды баяндады.
Биылғы жылдың 6 айында 95 қылмыс тіркелген. Оның 55-і сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс. Сыбайлас жемқорлық үшін 34 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 92 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының басым бағытының бірі – алдын алу.
Жыл басынан бері 6 мемлекеттік мекеменің қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты сыртқы талдау жүргізілді. Сонымен қатар арнайы мониторингтік топтың мүшелері мен «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қатысуымен 9 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, 28 ұсыныс әзірленген. Биылғы жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарларына мониторинг жүргізу барысында 30-дан астам ұйым мен мекемеге мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастыру барысында тауарлар мен қызметтерге нарықты шектеу бағадан жоғары баға қою фактілері бойынша ұсынымдар берілген. Осыған сәйкес жоспарларға түзету енгізілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Protecting Business and Investments» жобасы шеңберінде әкімшілік кедергілерді жою, ірі кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға жол бермеу бөлігінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жүргізеді.
Аталған жоба аясында 19 нысан қамтылды. Сондай-ақ, департамент облыс кәсіпкерлер палатасы және басқармамен бірлесіп, кәсіпкерлердің мәселесін шешуді қолға алды. Кәсіпкерлер мен инвесторлардан 58 өтініш түскен. Олардың 31-і қанағаттандырылып, 27-і бойынша тиісті түсініктемелер берілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға арнайы мониторингтік топ, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы және ақпараттық-ағартушылық штаб үлес қосуда.
«Адал көмек» жобасы аясында адвокаттар, заңгерлер, мемлекеттік қызметшілер аптасына 3 рет азаматтарға онлайн-кеңес ұйымдастырады. «Antikor LIVE» жобасы алаңында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары халыққа өзекті ақпарат беру үшін шақырылады.
Карантин кезеңінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде шараларды күшейту туралы тапсырмаға сәйкес «Antikor ortalygy» алаңында тиісті сала мамандары онлайн эфирлерге шығады.
Агенттік төрағасының тапсырмасына сай бірқатар сала мамандары, қоғамдық ұйымдар, АМТжәне «Ақмешіт – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлерінен құрылған жұмысшы топтарымен дәрі-дәрмектің бағасын шекті бағадан асыра сатуға байланысты дәріханаларға мониторинг жүргізілуде. Осы ретте 2 медициналық қойма, 12 емдеу мекемесі, 119 дәріхана мониторингтен өтті.
Департамент қызметкерлері және «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қорының, COVID-19 аймақтық қоғамдық бақылаудың қатысуымен медициналық мекемелерге шет елдерден келген гуманитарлық көмектің тиісті емдеу бөлімдеріне дейін жеткізілуі бақылауда. Келген гуманитарлық көмек «гуманитарлық көмек-тегін» мөртабанмен таңбалануда. Жұмыс тобы Ресей, Қытай, Түркия мен Өзбекстаннан келген гуманитарлық көмекті «СК Фармация» қоймаларынан медициналық ұйымдарға дейін жеткізілуін қадағалауда. Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жіберген жүкті бөлуде.
Брифинг барысында «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Жандос Тұсмағанбетов және арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Ләззат Бақтыбаев атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.