БІЛІМДІ ҰРПАҒЫ БАР МЕМЛЕКЕТ - РУХАНИ БАЙ ЕЛ
Сейітқали Алшынбаев, құрылысшы, "Алтын жүрек" сыйлығының иегері, меценат, "Нұрай" жшс директоры, "Сыр жанашыры" номинациясының иегері:
"Туған жерге тағзым" - терең ой қозғайтын, ауқымды шара. Егемен еліміздің байлығы - адам десек, ең бай адам - рухани толысқан, пейілі таза, жүрегі кең адам. Әрине, экономикасы мықты, саясаты күшті, алпауыт мемлекеттеріміз бар. Ал рухани бай мемлекет ең бай ел болып есептеледі. Біз осындай рухани бай мемлекетте тұрып жатқанымызды мақтаныш етуіміз керек.
Тәуелсіздік алғалы бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Кәсіпкер дегеніміз - туған өлкеміздің, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикасын дамытуға арнап, өзінің барлық күш-жігерін, ақыл-ойын, парасатын, іскерлігін маңдай терімен тамшылата жүріп, үлкен жауапкершілікпен жүк арқалайтын азамат. 2004 жылдары балабақша, мектептер бұзылып, жабылып жатқан кезде, ең алғаш боп Қалжан ахун ауылында типтік жобадағы білім ордасын салдырттым. Содан бері 7-8 мектеп, аурухана, 4 балабақша бой түзеді. Ең басты көздеген мақсатым - елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға аз да болса үлесімді қалдырсам деймін. Көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыздың болашағы үшін білім ордаларының көптігі артықтық етпейді. Себебі, білімді ұрпағы бар мемлекет қашанда рухани бай ел саналады.
Жалпы алғанда, кәсіпкер, ел азаматы ретінде, атқарып жатқан ісіңнің ең басты қайтарымы ол - тал бесіктен жер бесікке барғанша артыңнан жарқын ізіңді қалдыру - менің басты принципім".